Астанада ерлер құрамасының бірінші және екінші нөмірлі боксшыларының қатысуымен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу жиыны 30 маусымға дейін жалғасады. Команда қыркүйектегі әлем чемпионатының алдындағы соңғы ірі жарыстардың бірі – Әлем кубогының үшінші кезеңіне қатысады.
World Boxing ұйымының еліміздегі алғашқы халықаралық турнирін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы 30 маусым мен 6 шілде күндері аралығында қабылдамақ.
Жарыстың басталуына 1 аптадай уақыт қалса да, бірнеше команда Астанаға келіп, біріккен оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Франция, Сербия, Финляндия, Швеция, Әзербайжан, Аустралия, Германия мемлекеттері бар. Алдағы уақытта бұл тізімнің қатары ұлғая бермек. Қазақстан дәл осындай деңгейдегі ірі жарысты сонау 2013 жылы Алматыда қабылдаған (Әлем чемпионаты) еді. Сондықтан біраз елдер ұзақ үзілістен кейін Қазақстанға қайта ат басын тіремек.
«Астанада шешуші оқу-жаттығу өткізіп жатырмыз. Қазақстаннан бөлек, шетелден 80 боксшы келді. Олардың арасында 2021 жылғы әлем чемпионы Робби Гонсалес (АҚШ), 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Билаль Беннама (Франция) сынды бірқатар танымал спортшы бар. Әлем кубогына қатысатын құрамды оқу-жаттығу жиының соңында жариялаймыз. Себебі, боксшылардың кейбірі жарақат алып, енді біреуі бабында болмай қалуы мүмкін», - деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов.
Жалпы, Қазақстан бұл дүбірлі жарысқа барлық 20 салмақта (ерлер мен әйелдер арасында) үздік боксшыларын қосқалы отыр. Олардың арасында Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары бар. Ерлер құрамасында ел намысын қорғайтын астаналық боксшылар – ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбайлар, сондай-ақ әлем чемпионы Санжар Ташкенбай.
Айта кетейік, әлем кубогының ашылу салтанаты 30 маусым күні сағат 13:00-де өтсе, ақтық жекпе-жектер 6 шілде күні сағат 14:00-ге жоспарланған. Көрермендер үшін кіру — тегін.