Елорда аумағында қазіргі уақытта 254 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3%-ға артық. Кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау туралы Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров қалалық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шағын және орта бизнес саласында 528 мың адам жұмыс істейді, бұл – қаладағы еңбекке қабілетті тұрғындардың 73%-ы. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 12 мың адамға өскен.
2024 жылы ШОБ субъектілері 15,8 трлн теңгеге тауар өндіріп, қызмет көрсеткен. Бұл – республика бойынша өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің 19%-ын құрайды.

Аталған көрсеткіштерге қол жеткізуге қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шаралары үлкен үлес қосты.
«2025 жылдың алғашқы бес айында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша кешенді бірыңғай бағдарлама аясында жалпы сомасы 31 725,1 млн теңгені құрайтын 213 жоба мақұлданды, ал несиеге кепілдік беру бойынша 50 жоба 1 961,4 млн теңгеге мақұлданды.
Сонымен қатар, жергілікті «Астана Бизнес» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында биыл 3 000 млн теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Осы жылдың 2 шілдесінен бастап сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелерге ішінара кепілдік беру шеңберіндегі кешенді бірыңғай бағдарламаға өзгерістер енгізілді.
Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындарға экономиканың басым секторлары (өңдеу өнеркәсібі, білім беру, туризм, денсаулық сақтау және т.б.) аясында ұсынылады», – деді спикер.
Субсидия берілетін кредиттік қаражат инвестициялық мақсаттарға, айналым қаражатын толықтыруға (ары қарай – АҚТ) 3 жылға дейінгі мерзімге және қолданыстағы несиелерді 1 жылға дейін қайта қаржыландыруға бағытталуы мүмкін.
Субсидияланатын несиенің ең жоғарғы сомасы – 200 млн теңге. Қарыз алушы үшін түпкілікті мөлшерлеме – кемінде 12,3%, ал әлеуметтік кәсіпкерлер үшін – 11,3%.
Бұдан бөлек, биыл «Өрлеу» жаңа жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл құрал экономиканың басым секторларына (өңдеу өнеркәсібі, АӨК, көлік, білім беру, медицина және т.б.) кіретін микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
«Даму» қорының банктермен келісіміне сәйкес кәсіпкерлерге кепілдік алу үшін өтінім беру тетігі жеңілдетілді: банктің қаржыландыру мүмкіндігі туралы оң шешімінен кейін құжаттар пакетін Қорға банк өзі жолдайды.
Сонымен қатар, өтінімді қарау мерзімі 2 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Алайда, қарсы міндеттемелер де қарастырылған. Атап айтқанда, несие шешімі қабылданған күннен бастап 2 қаржы жылы ішінде салық түсімдері мен жұмыс орындарының санын 10%-ға арттыру қажет.
Сондай-ақ, кәсіпкер кепілдік сомасының 1,5%-ын бір реттік комиссия ретінде және жыл сайын қалған кепілдік сомасының үстінен төлеуі тиіс. Яғни, комиссия көлемі уақыт өте келе азаяды.
Қазіргі уақытта қала бойынша Кепілдік қоры 1 (КҚ1) аясында 79 жоба қолдау тапты.
Кепілдік қоры 2 (КҚ2) аясында инвестициялық және қайта қаржыландыру мақсатындағы кепілдік сомасы 7 млрд теңгеден асады, бірақ жоба құнының 30%-ынан аспауы тиіс. Ал АҚТ үшін – қаржыландырудың жалпы сомасының 40%-ынан аспауы тиіс. Несиелеу мерзімі – 15 жылға дейін.
КҚ2-де мақсатты бағыттар КҚ1-дегімен бірдей, бірақ салалық шектеулер бар: өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, АӨК және инфрақұрылым секторы.
Сонымен қатар, кәсіпкер жобаның жалпы құнының кемінде 20%-ын өз қаражаты (ақша, қозғалатын/қозғалмайтын мүлік немесе жобаны іске асыру аясында сатып алынған активтер) есебінен бірлесіп қаржыландыру арқылы растауы тиіс.
КҚ2 аясында несиелерге ғана емес, облигациялар мен опциондарға да кепілдік беруге жол беріледі.
Жергілікті бюджеттен субсидиялау, кепілдендіру және жеңілдетілген несиелеу «Даму» қорының қаржылық агенті арқылы жүзеге асырылады.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында елордада мемлекеттік гранттар бөлу жалғасады. Конкурс 2025 жылдың төртінші тоқсанына (қазан айы) жоспарланған.
Гранттар әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне өтеусіз негізде беріледі.
Негізгі шарттар: кәсіпкер грант сомасының кемінде 20%-ын өз қаражаты есебінен қоса қаржыландыруы тиіс, міндетті түрде «Еңбек» порталы арқылы жұмыс орнын ашуы және қажетті инфрақұрылым болуы тиіс (немесе құрылуы қажет).
Осыған байланысты мемлекеттік гранттар конкурсына қатысу үшін кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне енуі керек. Қаржылай емес мемлекеттік қолдау шарасы ретінде әлеуметтік кәсіпкерлердің бірыңғай реестрі жүргізілуде.
2021 жылдың соңында әлеуметтік бағыттағы ШОБ субъектілерін қолдау мақсатында заңнамалық тұрғыда «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымы енгізілді. Осыған орай ҚР Ұлттық экономика министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің реестрін жүргізу қағидаларын әзірледі.
Осы қағидаларға сәйкес әлеуетті әлеуметтік кәсіпкерлер 4 санатқа бөлінеді:
• 1-санат – халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуды жүзеге асыратындар (кемінде 2 адам, штаттың 50%-ы);
• 2-санат – халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы азаматтардың өндіретін тауарларын, орындайтын жұмыстарын, көрсететін қызметтерін өткізуге жәрдемдесетіндер;
• 3-санат – өмірлік шектеулерді жеңуге немесе өтеуге мүмкіндік беретін жағдай жасау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тауарлар өндірумен, қызмет көрсетумен айналысатындар (әлеуметтік-медициналық, психологиялық қызметтер, оңалту және бейімдеу);
• 4-санат – әлеуметтік салада қызмет көрсететіндер (психологиялық-педагогикалық қызмет, балалардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыру, жалпы білім беру, мәдени-ағарту, қоршаған ортаны қорғау).
«2024 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша республикадағы барлық әлеуметтік кәсіпкердің (1094) 19,7%-ын құрайтын 215 кәсіпкер реестрге енгізілді. Оның ішінде: 1-санат – 13, 2-санат – 1, 3-санат – 40, 4-санат – 161 кәсіпкер. Бұл реестр кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы 11,3% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады спикер.
Өтінімдер тоқсан сайын, айдың 1-15 аралығында офлайн түрде мына мекенжайда қабылданады: Бейбітшілік көшесі, 11-үй, 113-кабинет.