17 маусымда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында туризм, спорт пен су ресурсы салаларының қазіргі дамуы қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, 2025 жылы сала алдында негізгі капиталға 1,3 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту міндеті тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37%-ға артық.
Алғашқы төрт айдың қорытынды бойынша жоспар артығымен орындалды: 215,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл осы кезеңдегі жоспардың 191%-ын құрайды.
«Салаға тартылатын инвестиция көлемі орналастыру мен тамақтану, өнер, ойын-сауық пен демалыс, кітапхана, мұражай, мұрағат, жерүсті, әуе мен су көлігі, жалға беру, туроператор қызметі және басқа да қызмет түрлері есебінен қалыптастырылады. Инвестицияның негізгі ағыны екінші жартыжылдықта түсуі тиіс», — деді Ержан Еркінбаев.
2025 жылы Туризм және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, жалпы құны 991,3 млрд теңгеден асатын 320 жоба пулын қалыптастырған. Оның ішінде 244,5 млрд теңге мөлшеріндегі 11 ірі жоба жүзеге асырылуға жақын.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараты бойынша, биыл су шаруашылығы инфрақұрылымы саласында 358 жоба жүзеге асырылуда.
2025 жылы аталған жобаларға 193 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75%-ға артық. Ал іске асырылатын нысан саны 2,4 есеге артқан (2024 жылы 110,5 млрд теңге сомасындағы 151 жобаға қаржы берілді).
Сонымен қатар биыл үш жаңа су қоймасының құрылысы басталып, екі су қоймасы қайта жөнделеді.