Астана халықаралық форумы аясында Қазақстанның Көлік министрлігі еліміздің көлік әлеуеті тұсаукесерін жасады. Іс-шараға түрлі елдердің премьер-министрлері орынбасарлары – Қазақстаннан Серік Жұманғарин, Ресейден Алексей Оверчук, Қырғызстаннан Данияр Амангелдиев, Өзбекстаннан Жәмшид Ходжаев, сондай-ақ Ауғанстан өнеркәсіп және сауда министрінің міндетін атқарушы Нұриддин Азизи қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Еуразияның стратегиялық көлік хабы ретінде Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік бағыты бойынша жаһандық жеткізу тізбегінің аймақтық байланысы мен орнықтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Бүгінгі таңда елімізде 13 халықаралық көлік дәлізі бар. Оның бесеуі – теміржол, сегізі – автокөлік дәлізі.

«Біздің көліктік инфрақұрылым Қытай, Еуропа, Ресей, Каспий жағалауы елдерін, Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азияны байланыстырады. Демек, Қазақстан еуразиялық логистикалық жүйедегі маңызды буын. Қазақстандық желі барлық негізгі халықаралық көлік дәліздерімен түйісетіндіктен, әлемдік нарыққа тұрақты түрде шығуымызды қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.
Тұсаукесер барысында ТРАСЕКА, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі, Солтүстік маршрут, сондай-ақ Ауғанстан, Парсы шығанағы, Оңтүстік Азия елдерімен логистикалық байланысты кеңейтуге ықпал ететін Оңтүстік және Орталық Азия сияқты басым бағыттардың дамуына ерекше назар аударылды.
«Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту, оның әлеуетті жалғасы – трансауғандық бағыттың маңыздылығы туралы айтылды.
«Бұл бағыт Үнді мұхиты порттарына, соның ішінде Гвадар, Карачи мен Мумбайға шығуды қамтамасыз ететін перспективалық дәліз. Оның есептік өткізу қабілеті жылына 15 млн тонна. Біз бұл векторды аймақтық өзара байланысты нығайтуға, сауда айналымын ұлғайту мен жаңа логистикалық тізбекті қалыптастыруға ықпал ететін қолданыстағы маршруттарға стратегиялық қосымша ретінде қарастырамыз», — деді Мақсат Қалиақпаров.
Кездесуге қатысушылар Қазақстанның қазіргі автожол, теміржол және авиациялық бағытының негізгі параметрлерін, шекара маңындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін, аймақтың негізгі жүк құраушы нүктелерінде терминалдық инфрақұрылымды дамыту перспективасын талқылады. Талқылау қорытындысы бойынша тараптар келісілген көлік саясатын әзірлеуге және логистикалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.