15 мамыр күні Қазақстанның барлық кинотеатрында «Игроманка» атты толықметражды көркем фильмнің тұсаукесері өтеді. Бұл — ойынқұмарлыққа қарсы күресті арқау еткен терең әлеуметтік драма. Фильм орта жастағы қазақ әйелі Жұлдыздың тағдырын баяндайды. Лудомания салдарынан өмірі тас-талқан болған ол мансабынан, отбасынан және өзіне деген сенімнен айырылады. Алайда ойынға тәуелді екенін мойындап, сауығу жолындағы алғашқы қадамын жасайды.
Жоба қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірін көтереді: бейресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 500 мыңнан астам құмар ойынға тәуелді адам бар. Бұл — көмек сұрауға батылы жетіп, мәселесін ашық мойындаған жандар ғана. Ал нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Фильмнің жұмысы терең зерттеуден басталды: продюсерлер шынайы оқиғаларды жинақтап, бұрын құмар ойындарға тәуелді болған жандармен сұхбаттасып, кәсіби психологтермен кеңесті. Осы тәжірибе сценарийдің негізіне айналып, кейіпкерлердің образын қалыптастыруға жол ашты.
Көпшілік лудоманияны тек ер адамдарға тән деп қабылдайды. Алайда зерттеулер әйелдердің де бұл кеселден зардап шегетінін көрсетеді. Эмоцияға бейім әрі көп жағдайда балалармен тығыз қарым-қатынаста болатындықтан, мұндай дерттің салдары әйелдер үшін анағұрлым ауыр болуы мүмкін. Психологтердің айтуынша, менталитет пен дәстүрлі көзқарастар әйелдердің өз мәселесін ашық мойындауына кедергі келтіреді. Сол себепті фильм авторлары басты кейіпкер ретінде әйел адамды таңдап, құмар ойынға тәуелділік тақырыбын басқа қырынан ашып көруді маңызды деп шешті.
Түсірілім жұмыстары Астана қаласында және Ақмола облысының көрікті аймақтары — Бурабай мен Үрімқай ауылында өтті. Табиғат көріністері кейіпкердің ішкі күйзелісін бейнелеп, фильмнің эмоционалдық тереңдігін күшейте түсті.
Фильмде танымал актерлермен қатар жаңа есімдер де бар. Басты рөлді Қазақстанда туған, қазір Германияда тұратын актриса Гузель Жан сомдайды. Сонымен қатар Жалғас Жанғазин, Бахтияр Қожа, Алтынай Нөгербек, Лейло Бекназар, Саят Мерекенов, Жан Байжанбаев, Еркен Губашев, Сырым Қашқабаев және басқа да актерлер фильмде төбе көрсетті.
Фильмнің продюсерлері — Ардақ Қасымбек, Дана Мутурганова және Асель Саги. Режиссер — Алдияр Байракимов, Қоюшы-оператор — Азамат Жанабеков.
«Бұл фильм — көркем туындыдан гөрі, шынайы тағдырлардың көрінісі. Біз лудоманиямен күрескен жандардың оқиғаларын тыңдап, осы проблемаға терең үңілдік. Команда мүшелерінің бірі тіпті сауығу жолын түсіну үшін реабилитациялық бағдарламаның бастапқы кезеңінен өтті. Біздің мақсатымыз — көрермен фильмді көріп қана қоймай, үміттің бар екенін сезінсе дейміз. Шын мәнінде, әр продюсердің айналасында мұндай қиындықты бастан өткерген адамдар бар. Сондықтан “Игроманка” — біздің қоғамға көмектескіміз келген ниетіміз ғана емес, жеке тәжірибемізден шыққан дүние. Егер бұл туынды біреуге ой салса, бір жанның өмірін өзгертуге көмектессе — мақсатымыздың орындалғаны», — дейді фильм продюсерлері.
Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен астаналық PROTALENT кинокомпаниясы түсірді. Бүгінде Қазақстанла ойынға тәуелділік тақырыбы жиі көтеріле бастады. 2024 жылғы шілде айында лудоманиямен күреске бағытталған заңға қол қойылған болатын. Бұл қадам «Игроманка» фильмін одан әрі өзекті ете түсті.