Шымкентте қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен толықметражды «Бақыт кілті» фильмінің тұсаукесері өтті.
Жеңіл жолмен оңай олжаға кенелгісі келетін жастар. Оған жету жолында тіпті қылмысқа барудан да тайсалмайды. Синтетикалық заттарды қолданып өмірден адасу. Қоғамдағы осы өзекті мәселелер бейнеленген туынды көрерменге ұсынылды.
Бұл фильмде ерекше драматургиялық оқиға арқылы, жастардың қоғамдық орында өздерін әдепті ұстауы, синтетикалық есірткінің адам өміріне әсері бейнеленген. Құмар ойын мен мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды өзекті мәселелер де көтерілген.«Бақыт кілті» фильмнің режисері - Бақытжан Көшеров. Сценарий авторы - Оңғар Әлиайдар, оператор - Димаш Тұрдыматов.
"Оқиға екі түрлі ортада, екі түрлі әлеуметтік жағдайда өмір сүретін Тимур мен Жеңіс атты кейіпкерлердің ерекше жағдай арқылы көпқабатты үйдің төбесінде кездейсоқ жолыққан сәтінен басталады. Кедейліктен шаршап, өз-өзіне қол салмақшы болған Жеңіс тосын жағдайға тап болады. Бұзақы жігіттермен төбелесі сәтсіз аяқталған Тимур есінен танып жатады. Ес-түссіз жатқан Тимурдың қымбат киіміне, қалың әмиянына қарап Жеңіс оның бай адам екенін түсінеді", - дейді кинорежиссер Бақытжан Көшеров.
Жеңіс таптырмас мүмкіндікті пайдаланып өзінің кедей өмірінен бір күнге болса да құтылғысы келеді. Алайда ақшамен қатар бай өмірдің қиыншылықтары да бар екені, ақшаның жаман жолмен келгені жөнінде баяндалған.
Фильмнің көрсетіліміне арнайы келген Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарамасының басшысы Бахтияр Әлтайұлы Өнербаев жастарды Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтап, толық метражды фильмнің актерлік құрамын марапаттады. Жастар саясатын табысты іске асыруда мұндай бастамалардың қашанда қолдауға ие болатындығын жеткізді.