Әлеуметтік желідегі алаяқтар ақмолалық тұрғынды алдап кетті, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
11 сәуірде Ақмола облысындағы қалалардың бірінде полиция басқармасына жергілікті тұрғыннан интернет-алаяқтық дерегі бойынша арыз келіп түсті. Жәбірленушінің айтуынша, биылғы ақпан айында ол әлеуметтік желілердің бірінде өзін "James Charles" деп таныстырған белгісіз азаматпен танысқан. Кейін олардың арасындағы байланыс WhatsApp мессенджерінде жалғасқан. Әлгі ер адам өзін БҰҰ-ның Никосиядағы бітімгершілік миссиясында қызмет атқаратын әскери қызметші ретінде таныстырып, жақын арада Қазақстанға келіп, жәбірленушімен шаңырақ көтергісі келетінін айтқан. "Демалысты рәсімдеу қажет" деген сылтаумен ол әйелден 550 АҚШ долларын жіберуді сұраған. Жәбірленуші күдіктенбей, сұралған соманы – 115 мың теңгені көрсетілген деректемелерге аударған. Арада біраз уақыт өткен соң, әйелмен қайта байланысқа шыққан өзге біреулер өзін "БҰҰ кеңсесінің қызметкерлеріміз" деп таныстырып, ұшу билеттерінің ақысы үшін қосымша қаражат талап еткен. Барлық шығындар кейін өтелетіні жөнінде уәде етілген.
Алайда осы тұста жәбірленуші күмәнданып, бұл қарым-қатынасты үзуге шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта аталған фактіге байланысты полиция қызметкерлері қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бағытында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ақмола облысының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға шақырады. Ешқашан бейтаныс адамдарға ақша аудармаңыз – тіпті олар сенімді, сыпайы не мейірімді көрінсе де. БҰҰ сынды беделді халықаралық ұйымдардың қызметкерлері өз демалысын немесе сапарларын жеке тұлғалардың есебінен ресімдемейді. Кез келген күмән тудыратын жағдайда ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеріп, жақындарыңызбен ақылдасыңыз немесе құқық қорғау органдарына жүгініңіз. Алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.