Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген кеңесте салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйелерін цифрландыру жөніндегі жұмыстардың барысы тыңдалды, деп хабарлайды kazenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың дерегі бойынша, қазіргі уақытта фискалдық органдардың ақпараттық жүйелеріне қажетті деректерді беру үшін Smart Data Finance, СӘАЖ және Keden салықтық ақпараттық жүйелерін алты мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграциялау жалғасуда. Жаңа Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне дейін жаңа салық жүйесін енгізу бойынша барлық тестілік және басқа да қажетті рәсімдерді бітіріп үлгеру үшін барлық интеграциялық жұмысты мүмкіндігінше тезірек тиянақтау қажет. Кеңесте толыққанды интеграцияға кедергі келтіретін барлық мәселе қаралды, оның қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдарға барлық рәсімдік мәселені наурыз айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Smart Data Finance АЖ-ны өнеркәсіптік пайдалануға беру «e-Tamga» ҚҚС төлем жүйесінің жұмысын бастау үшін негіз болады. Бұл жүйе сатып алушы мен жеткізуші арасында, сондай-ақ бюджетпен өзара есеп айырысу кезінде ҚҚС төлемін жүргізуге арналған. Жүйедегі ҚҚС бойынша барлық төлем тек электрондық шот-фактура негізінде жүргізілді. Бұл ҚҚС төлеуден жалтаруды болдырмайды. Осы жүйенің арқасында ҚҚС қайтару қазіргідей 150 күн емес, 15 күн ішінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ ол адал бизнесті жосықсыз тәуекелді компаниялардан қорғауға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесінің (СӘАЖ) АЖ базасында Қаржы министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп салық төлеушілерге қызмет көрсетудің проактивті сервистік моделін құрады. СӘАЖ-дағы салық төлеушінің жеке кабинеті салық төлеушілерге қызметтерді алуға және есептілікті қашықтан тапсыруға, декларацияларды кезең-кезеңімен, анықтамалармен және деректерді тексерумен толтыруға мүмкіндік береді. Жүйе екіжақты байланысты қамтамасыз етеді: мемлекеттік кіріс органының хабарламасына жауап беруге және салық органына бармай-ақ құжаттарды жүктеуге болады.
Қазіргі уақытта екінші тоқсанда аяқталуы жоспарланған СӘАЖ модульдерін кезең-кезеңімен көбейту жүріп жатыр. Болашақта қызмет көрсету моделі бірыңғай салық көмекшісін әзірлеу үшін жасанды интеллект көмегімен жетілдіріледі. Виртуалды салық көмекшісі бизнесті ашудан бастап жабуға дейін салықтық қолдауды қамтамасыз етіп, әрбір салық төлеушіге декларацияны алдын ала толтыруға, қолайлы салық режимін таңдау бойынша ұсыныс беруге, декларация тапсыру мен салық төлеу мерзімі туралы хабарлауға көмектеседі.
Сонымен қатар тұтынушының әрбір сатып алу үшін фискалдық чектерді талап етуге қатысты өз құқығы туралы хабардар болуын жақсарту үшін осы көктемде Қаржы министрлігі Salyq кэшбэк жобасын қайта бастауды жоспарлап отыр. Өткен жылы Salyq кэшбэк пилотты тұрғыда Семей қаласы мен Ақкөл ауданында сынақтан өткізілді. Оның көмегімен сатып алушылар фискалдық чек беру кезінде сатып алу сомасының 2%-ын алды. Пилоттық жобаның 5 айында чектер саны 222%-ға, ал тауарлар мен қызметтердің жалпы құны 132%-ға өсті. 75 млн теңге кэшбэк есептелді. Әсет Тұрысовтың хабарлауынша, 2025 жылғы 15 наурыздан бастап бұл жобаны Өскемен (ШҚО), Жетіқара (Қостанай облысы) және Жақсы ауданына (Ақмола облысы) кеңейте отырып, қайта бастау жоспарланып отыр.