Германияның Берлин қаласында өткен ITB Berlin 2025 көрмесінде Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Іс-шараға жыл сайын 180 елден 10 000-нан астам адам қатысады және көрмені 160 000-нан астам келуші, оның ішінде 113 500 кәсіби сала мамандарын тамашалайды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан ITB Berlin көрмесіне 1996 жылдан бері қатысып келеді және 29 жыл бойы (2020 жылды қоспағанда) ұлттық экспозициясын ұсынып, әлемдік аренада еліміздің туристік әлеуетін көрсетуде. Биылғы делегация құрамында Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, Kazakh Tourism ҰК АҚ және 20-дан астам жетекші туристік компаниялар болды. Көрме барысында халықаралық туроператорлармен, әлемдік медиа өкілдерімен және стратегиялық серіктестермен келіссөздер жүргізілді. Жұмыстың негізгі бағыты – CNN, Euronews, National Geographic және Wanderlust секілді БАҚ өкілдерімен серіктестікті дамыту, жарнамалық кампаниялар мен бірлескен медиажобаларды іске асыру. Сондай-ақ Қазақстан туризмі туралы бірқатар еуропалық БАҚ өкілдерімен сұхбат ұйымдастырылды.
Іс-шара барасында Қазақстан бойынша туристік бағдарламаларды кеңейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. DRV және ASR қауымдастықтарымен, Lastminute.com платформасы және туроператорлар ынтымақтастық орнату қарастырылды. Сондай-ақ Lernidee Erlebnisreisen компаниясы Oriental Silk Road Express туристік пойызының үлгісі бойынша Қазақстандағы жаңа бағыттарды енгізуге қызығушылық танытты.Қазақстанның ITB Berlin 2025 көрмесіне қатысуы халықаралық байланыстарды нығайтуға және келу туризмін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Қол жеткізілген уағдаластықтар шетелдік туристер ағынын арттыру мен Қазақстанды әлемдік нарықта ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.