Оқу-ағарту министрлігі шағын жинақты мектептердің жұмысына кепілдік беретін нормативке түсінік берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
— Министрліктің 2022 жылғы 6 мамырдағы № 185 бұйрығымен бекітілген халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативіне сәйкес, халық саны аз әрбір елді мекенде: бастауыш — білім алатындар саны 5-тен 40 балаға дейін, негізгі — 41-ден 80 балаға дейін, орта — 81-ден 180 балаға дейін жұмыс істеуіне кепілдік беріледі. Жалпы, еліміз бойынша 8 мыңға жуық мектептің ішінде екі мыңнан астам мектеп ауылда орналасқан шағын жинақты мектептер саналады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
— Сонымен қатар, «Білім туралы» заңның 6-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік білім беру ұйымдарын құру, қайта ұйымдастыру және тарату жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Осыған дейін шағын жинақты мектептердің ең көбі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқанын жазған едік.
Айта кетейік, 2024 жылы елімізде 373 мың оқушы орнына арналған 257 мектеп салынды. Биыл 300 мың орындыққа арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жүреді.