Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға ресми сапары барысында ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Кунь мырзамен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, Қытайдың Жер сілкіністері агенттігі (China Earthquake Administration, CEA) – елдегі сейсмикалық белсенділікті бақылау, болжау, сейсмикалық қауіп-қатерді бағалау және оған әрекет етуге жауапты мемлекеттік орган.
Ерболат Досаев агенттіктің табиғи апаттар қаупін азайту бағытындағы жұмысы туралы танысып, Алматыда сейсмикалық қауіп-қатерді төмендету бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндады.
«Қазақстан аумағының 40%-дан астамы жер сілкінісі қаупі бар аймақта орналасқан. Біз Еуразиядағы сейсмикалық белдеулер жүйесіне кіреміз. Ал Алматының өзі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. Сондықтан «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары» бағдарламасында сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету негізгі басымдықтың бірі», – деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, Алматыда күшті жер сілкіністерін болжау және ерте хабарлау үшін 28 станция жұмыс істейді, қосымша 70 станция орнату жоспарланған. Биылдың өзінде 30 станция орнатылса, 2026 жылдың соңына дейін тағы 40 станция іске қосылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанның сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы мен Қытайдың Жер сілкіністері агенттігінің Геофизика институты арасында сейсмикалық мониторинг және ерте хабарлау жүйелерін біріктіру бойынша бірлескен жұмыс туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі ел мамандарына сейсмикалық ақпаратпен нақты уақыт режимінде алмасуға мүмкіндік береді.
«Халықты табиғи апаттар туралы алдын ала хабардар ету және олардың жер сілкінісіне дайындығын қамтамасыз ету – өзекті мәселенің бірі. Осыған байланысты CEA және Қытайдың Геофизика институтымен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды», – деп атап өтті Ерболат Досаев.
Өз кезегінде ҚХР Жер сілкіністері агенттігінің президенті Ван Кунь мырза қол қойылған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды қадам болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ол Алматының табиғи апаттарды мониторингтеу және оған әрекет ету бойынша үлкен әлеуетке ие екенін атап өтіп, CEA тарапынан сейсмикалық мониторинг пен ерте әрекет ету бойынша тәжірибе алмасу барысында жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.