Есіл ауданында автокөлік ұрламақ болған қаскүнем жедел ұсталды, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
28 қарашада таңғы сағат 04:45 шамасында Есіл ауданының полиция бөліміне автокөлікті ұрлау әрекеті туралы хабарлама келіп түсті. Жергілікті тұрғын өзінің үйінің жанында тұрған Audi A4 көлігіне белгісіз біреудің кіріп жатқанын байқап, полицияға жүгінді.
Оқиға орнында анықталғандай, көлік иесі көлігін үйінің қақпасы алдына қойып, есіктерін жабуды ұмытқан. Таң сәріде иттің дауысына елең еткен ол терезеден қарағанда, көліктің ішінде бөгде адамды көріп, көшеге жүгіріп шыққан. Иесі күдіктіні көліктен шығарып, жерге құлатқанымен, қаскүнем бұрыш спрейін қолданып, қарсыласуға тырысқан. Тіпті, оның қолындағы адаптер модулін тастай салып, көмекке келген көлік иесінің әйеліне де спрей қолданған. Кейіннен қаскүнем теміржол көпірі бағытына қашып кеткен.
Жедел хабарды алған полиция қызметкерлері күдіктінің сипаттамасы бойынша іздестіру жұмыстарын ұйымдастырып, бірнеше минуттың ішінде оны қаланың орталық алаңында қолға түсірді.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, барлық мән-жайлар анықталуда.
Полиция автокөлік ұрлығын болдырмау үшін келесі сақтық шараларын ескеруді ұсынады:
Көлік есіктерін әрдайым жабық ұстаңыз, тіпті қысқа уақытқа шықсаңыз да;
Ұрлыққа қарсы құрылғылар мен дабылдарды орнатыңыз;
Салонда құнды заттарды қалдырмаңыз;
Күдікті адамдарды немесе жағдайларды байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.