Ақмола облысы Сабынды ауылындағы бұрынғы мешіт ғимаратында газ жарылып, үш адам қаза тапты. Ғимаратта жерлеу рәсімі өткен, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті газ-ауа қоспасы жарылып, кейін өрт шықпай, ғимарат опырылғанын хабарлады.
"Салдарынан 1978 жылы туған ер адам қаза тапты. Құтқарушылар үйінді астынан 1983 жылы туған әйел мен 2012 жылы туған баланың мәйітін тапты. 16 зардап шекті, олар Астана қалалық ауруханасына жеткізілді" , - деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Құтқарушылар ғимараттан алты газ баллонын шығарды. Онда жеті газ баллон болған.
"Қазіргі уақытта үйіндіні тазарту жұмыстары жалғасып жатын. Оқиға орнында облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 30-ға жуық адам мен бес техника, сондай-ақ жедел-құтқару жасағы, психологтардан құралған Апаттар медицинасы орталығы және Астана қаласының кинологиялық қызметі жұмыс істеп жатыр"
Жарылыс себебін Ақмола облысы және Астана төтенше жағдайлар департаментінің ғылыми зерттеу өрт зертханасы анықтайды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті базасында жедел штаб құрылды, сенім телефоны 8-716-252-09-50.