Соңғы бес жылда 3,2 мың шақырым республикалық маңызы бар жол төрт жолаққа дейін кеңейтілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Аталған шара өткізу қабілеттілігін едәуір арттырып, жолдағы қозғалыс қауіпсіздігін жақсарта түскен. Бұл туралы және өзге де республикалық маңызға ие жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі басқа да шаралар туралы Алматы қаласындағы V Еуразиялық Көліктегі қауіпсіздік пен цифрландыру форумының пленарлық отырысында автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина айтып берді.Іс-шара барысында Қазақстанның жол қызметтері республикалық жолдарда қауіпсіздікті арттыру мақсатында 5 мың шаршы метрден астам арнайы жолақ, 630 жол белгісі мен 1 230 жол буферін орнатқаны белгілі болды.Жануарлардың жолға шығуын болдырмау үшін республикалық жолдардың бойында жалпы ұзындығы 1500 шақырым қоршау орнатылып, 319 мал өткелі салынды.Аталған іс-шара аясында Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне де назар аударды.«Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Осы тарапта қалалар мен елді мекендерді айналып өтетін 52 жол салынды. Бұл транзиттік маршруттардың қозғалысын түсіруге мүмкіндік берді. Сондай-ақ елді мекендер арқылы өтетін жолдардағы қауіп-қатерлерді едәуір азайтты. Сонымен қатар ең қауіпті жерлерде жол пайдаланушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін 32 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды», — деді спикер.