Еңбекші ауданындағы Жібек жолы - Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді. Жаңа әлеуметтік нысан кәсіпкерлер тарапынан іске асырылып отыр. Аумағы 1,1 гектар гүлзарда тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұған дейін заңсыз сауда нысандары болған аумақ осылайша абаттанған орынға айналды. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, бұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен, сый ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген насостарын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз, – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.
