Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті озық технологиялармен жарақталған жаңа ғимаратқа көшті. Заманауи үлгіде салынған ғимараттың Қазақстан бойынша теңдесі жоқ. Жаңа депо заман талабына сай салынған. Тәжірибелі мамандар өртті сәтті сөндіруге, оқыс қиғалардың алдын-алуға барлық жағдай жасалған деп отыр.
Жергілікті атқарушы орган мен республикалық бюджет есебінен салынған нысан - әкімшілік және депо ғимаратынан тұрады. Аумағы 1,2 га алып жатыр. Сонымен қатар, орталықта қызметкерлер кабинетінен бөлек, мәжіліс залы, кризистік, ситуациялық орталық, бірыңғай диспетчерлік қызмет, оқу сыныптары бар. Ал жаңа өрт сөндіру бөлімінде 108 құтқарушы қызмет атқарады. Олар 18 шағын аудан мен тұрғын алап азаматтарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Ғимараттың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, төтеншеліктерді құттықтай келе бірқатар мәселелерге де тоқталды.
"Шымкентте тұрғын саны миллионнан асатыны белгілі. 117 мың га жер, жақсы дамыған инфрақұрылым, мұның бәрі де жетекші өнеркәсіптің дамуына сеп болады. Еліміздің ірі экономикалық орталығында 10 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отыр. Құтқарушыларға жаңа ғимарат пен заманауи техникалар мотивация бере түседі деген сенімдеміз", - дейді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Стандарттар бойынша Шымкент қаласының аумағында 22 өрт сөндіру депосы болуға тиіс. Қазіргі таңда қосымша 12 депо қажеттілігі бар. Қолданысқа берілген жаңа ғимаратпен қоса, бұған дейін апатты жағдайда болған Түркістан көшесінің бойындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты бұзылып, орнына жаңа 4 автокөлікке арналған ғимарат салынды. Шаһардағы Қазығұрт, Тұран, Нұршуақ шағын ауданы мен Қапал батыр көшесінде жедел-құтқару жасағының құрылысы үшін Қайнар бұлақ саяжайында жер телімдері қарастырылған.