Полиция қызметкерлері Алматыдағы автопаркте тосыннан тексеру жүргізді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары таңғы алтыда 15-тен астам бағытқа қызмет көрсететін “Бату Трэвел” ЖШС автопаркінде мақсатты рейд жүргізді.
Автобустардың техникалық және эстетикалық жағдайына қатысты кемшіліктер анықталды.
Сонымен қатар тексеру барысында 9 жылжымалы құрамның салонында бейнебақылау камераларының жоқтығы туралы деректер анықталды.
– Жолаушылар тасымалы, априори, тиісті деңгейде жүргізілуі керек, өйткені біз қоғамдық көлікті пайдаланатын жүздеген адамдардың өмірі мен денсаулығы туралы айтып отырмыз. Жергілікті тексерулер барысында біз желіге қойылған көліктердің техникалық жағдайына ғана емес, жүргізушілердің еңбек жағдайына, күнделікті медициналық тексеруден өтуіне де баса назар аударамыз. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ұсақ-түйек деген сөз болмайды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Спикердің айтуынша жақында №27 бағыт бойынша полицейлер жүргізуші куәлігінде тиісті “D” санаты жоқ жүргізушіні анықтаған, яғни оның жолаушылар көлігін жүргізуде қарапайым дағдылары болмаған.
– Әрине қайтымсыз салдары бар қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыратын деректердің алдын алған дұрыс. Осы мақсатта біздің бөлімше қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуының алдын алу және жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Автокөлік кәсіпорындарының басшылары көлік жүргізушілері арасында жеке қауіпсіздік шаралары мен жолаушылардың қауіпсіздігі туралы күнделікті нұсқама берулері қажет. Төтенше жағдайлар орын алған жағдайда дереу “102” арнасына хабарлау керек. Сонымен қатар автобус салонындағы бейнебақылау камераларының жұмысқа жарамдылығын жүйелі түрде тексеріп, осы жүйені қайта жаңғырту және оларды онлайн режимінде көру функцияларын қосу қажет, – деді Асхат Құлбаев.
Тексеру соңында автопарк басшылары мен жүргізушілерге жол қозғалысы ережесінің жаңа нормалары түсіндірілді.