Қазіргі заманда су қоры пайдалы қазбалар секілді құнды ресурс болып табылады. Жаһандық климаттың өзгеруін ескерсек, оны үнемді және тиімді пайдалану мәселесі бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Сондықтан бұл саланы дамыту ерекше назарда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын», — деді Мемлекет басшысы.
Министрлік қысқа аралықта құрылып, жұмыс істегеніне қарамастан, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Салаға қажетті нормативтік құжаттар әзірленіп, су ресурстарының базасын ұлғайту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді. Бұл туралы толығырақ Primeminister.kz редакциясының шолуынан оқыңыздар.
Нормативтік база
Су кодексінің жобасы әзірленді. Құжатта гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, суару және дренаж, сумен жабдықтау және су бұру мәселелері қамтылған. Кодекстің негізгі мақсаты – Қазақстанның су ресурстарының әлеуетін сақтау.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Бұл суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, су үнемдеу технологияларының үлесін 40%-ға дейін арттыруға, суару кезінде су ысырабын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
ҚР-ның су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Оны жүзеге асыру еліміздің су ресурстарының көлемін 3,7 текше км арттыруға, суару барысында су ысырабын азайтуға және оның көлемін 3 текше км арттыруға, 55 мыңнан астам халқы бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің көршілес елдерден су жеткізу бойынша тәуелділігін 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өседі, бұл үшін тиісті шаралар әзірленді.
Салаға мамандар қажет. Су ресурстары және ирригация министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторына түзетулер енгізу және су секторы бойынша бірқатар жаңа бағдарламалар енгізу, сондай-ақ қазақстандық студенттерді суға байланысты мамандықтар бойынша жақын және алыс шетелде орналасқан жоғары оқу орындарында оқыту үшін гранттар бөлу туралы ұсыныстармен шықты.
Ресурстық база және инфрақұрылым
2024-2026 жылдары ел бойынша 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Суару жүйелерінің тозуы мәселелерін шешу үшін ұзындығы 3500 км құрайтын 339 канал күрделі жөндеуден өтті.
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылады. Ол жерасты суларына мониторинг және талдау жасайды, іздеу және барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялаумен айналысады. Бүгінде Қазақстанда 4 540 кен орны барланған.
2023 жылы Ақмола облысында 12 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылса, су құбырын тарту арқылы тағы 17 ауылға ауыз су жетті
Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы саны 868 мың тұрғыны бар 375 елді мекенді сумен қамтамасыз ету бойынша 33 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатыр.
Түркістан облысында 31 788 гектар жерге су үнемдеу технологиясы енгізілген. 9403 гектарлық бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы суды екі есе үнемдеуге мүмкіндік берді
Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 105,1 мың гектар аумақта ирригация және дренаждық жүйелерді дамыту жобасы жүзеге асырылуда.
2023 жылы Павлодар облысында суармалы жерлердің көлемі 15,8 мың гектарға ұлғайып, 166 мың гектарды құрады. Сонымен қатар 17,5 мың га алқаптағы суармалы алқаптарға ИКИ тарту бойынша 9 жоба жүзеге асырылуда
Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Есіл және Нұра өзендеріне су жіберілді. Бұл Астана қаласын сумен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырды.
Халықаралық ынтымақтастық
Көрші мемлекеттермен су қауіпсіздігі бойынша келіссөздер белсенді жүргізілді. Олардың қорытындысы бойынша 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін Сырдария өзеніне 11,1 текше км су келеді, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 487 млн текше метр су алынады деп күтілуде.
Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 текше км су жіберуге мүмкіндік береді.
Қырғызстанмен Жамбыл облысына су беру жөнінде келісім жасалды. Бішкектегі келіссөздер нәтижесінде Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.
Министрлік Қытаймен 20-дан астам өзен, оның ішінде Ертіс, Іле, Емел өзендері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгінде тараптар келісімнің бірқатар баптары бойынша су бөлу мәселесіне қатысты ортақ келісімге келді.
Сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның қатысуымен Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық ынтымақтастығы механизмі туралы келісім жобасы әзірленуде.