Биыл Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде 35 жасқа дейінгі 16 425 азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған болатын. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының нәтижесінде жоспар асыра орындалып, нақты 21450 адам қамтылған. Оның ішінде 7115-і NEET санатындағы жастар.
Субсидияланатын жұмыс орындарымен 6 мыңнан астам жас қамтылған. 134 адам әлеуметтік жұмыс орындары, 2566 адам жастар практикасы және 1465 жас ақылы қоғамдық жұмыстармен қамтылған.1852 адам «Алғашқы жұмыс орындарының жобасы» бойынша және 23 адам «Ұрпақтар келісім шарты» жобасымен жұмысқа орналастырылған.
Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде сондай-ақ 2514 адам кәсіби білім беру бойынша оқуға жолданған. Жастар жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындары мен оқу орталықтарында кәсіптік білім алуда. Оқу сәтті аяқталған соң бітірушілерге сертификат табысталып, кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады. https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы бүгінгі таңға 1 жарым мыңнан астам азамат онлайн білім алған.
Шымкенттік 6346 жас «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытылып, оның ішінде 200-ге жуық адам мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болды. Нақты 6383 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Қазақстан Республикасының Үкіметі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Атап айтқанда, адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуекелдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға, 1 млн-ға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс.
Бұл орайда ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Үкімет бизнеске арналған қарсы міндеттемелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды. Оларға жергілікті әкімдік өкілдері де сәйкесінше инфрақұрылым мәселесін шешіп беруге септесетін болады. Басты мақсат- табыс көзін арттыра отырып, уақытылы салықтарын төлейтін, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ететін сау бизнесті қалыптастыру болып табылады.
18-12-2023, 00:54
Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 20 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі
Егер мәтінде қате байқасаңыз, оны таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз