ҚР Үкіметінің отырысында күн тәртібінен тыс ЖЭО мен жылу желілеріндегі штаттан тыс жағдайлардың салдарын жою және олардың орын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың мәлімдеуінше, Қазақстанда ауа райының сууына байланысты энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау орын алды. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-сы, Теміртау 1-МАЭС-і және Екібастұз ЖЭО-сы жұмысында ақаулар болды. Аталған нысандар бойынша температуралық режим толығымен қалпына келтірілді.
Сонымен қатар Степногорск, Балқаш, Ақтау және Көкшетау қалаларындағы жылу желілеріндегі технологиялық ақаулар да жедел жөнделді. Қазіргі уақытта барлық тұтынушы жылуға қосылған.
Жылу беру маусымына жүйелі дайындық аясында республиканың электр станцияларында 8 энергетикалық блок, 40 қазандық және 42 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. 2 энергетикалық блок, 9 қазандық және 11 турбина бойынша жұмыстар – соңғы кезеңде. Оған қоса 25,3 мың шақырым электр беру желілері, 564 қосалқы станция және 3,5 мың тарату пункті күрделі жөндеуден өтті.
Өңірлер әкімдері Көкшетау мен Степногорск қалаларында жылу беру маусымының қалай өтіп жатқаны, Екібастұз және Риддер ЖЭО-ларындағы ахуал, Балқаш пен Теміртаудағы жылу беру нысандарын жөндеу, сондай-ақ Ақтауды жылумен жабдықтау және Атырауды сумен жабдықтау туралы ақпарат берді.
Премьер-Министр респубикада күннің күрт суытып кетуіне байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түскенін айтты. Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар орын алатыны мәлім.
«Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, авариялар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек.
«Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе, өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оған қоса Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларынан бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.