Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласында жұмыс сапарымен болып, ЖЭО-да, сондай-ақ, магистральдық және кварталішілік жылумен жабдықтау желілеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Сонымен қатар, өңір басшысы алдағы жылу беру маусымына дайындық бойынша жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Екібастұз ЖЭО-дағы қазандықтар мен негізгі жабдықтарды жөндеу жалғасуда. Оған 270-тен астам адам жұмылдырылған.
Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. №11, №12, №13, №14, № 15 қазандық агрегаттарында қазандықтар мен оттықтардың жақтауын, экрандық панельдерді, газ құбырларын, шаң құбырларын және т. б. монтаждау және құрастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Тамыз айының соңына дейін 4 жылу магистралін қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр.
Бұл учаскелерде 120-дан астам адам және 48 арнайы техника жұмыс істеуде.
Қазіргі уақытта жаңа желілер мен жылу камералары орнатылды, жақын арада абоненттерді қосады, содан кейін мамандар жаңа желілерді жуу және тазарту жұмыстарын жүргізеді.
Желілердегі бүкіл дәнекерлеу жұмыстары дефектоскопияның ультрадыбыстық әдісімен жасалып жатыр.
Тұрғын үй қорын жылу қабылдауға дайындау жұмыстары да белсенді жүргізілуде.
Екібастұз әкімінің ақпараты бойынша дайындық актілерін 643 көпқабатты тұрғын үй (690 үйден) алған.
Бұл үйлерде жылу тораптары мен ішкі жүйелерді жуу және нығыздау орындалды.
490 тұрғын үйде жүйені баптау орындалды, дроссель құрылғылары орнатылды және шайбалау жүргізілді.
Екібастұздағы гидравликалық сынақ қорытындысы бойынша желілердің неғұрлым әлсіз учаскелерінен 109 ақау табылған.
Бүгінгі таңда 71 ақау жойылды.
Облыс әкімі жылыту маусымына дайындық мәселесін қатаң бақылауда ұстауды, жұмыс қарқыны мен олардың сапасын төмендетпеуді тапсырды.