Медициналық сақтандыру пакеті бар азаматтар қажетті ем-домын қабылдау үшін емхананы өзі таңдауға құқылы. Қазіргі таңда, ақпараттандыру бағыты қолға алынғалы шымкенттіктер тиімді медициналық көмекті уақытында ала бастаған. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Абдуллаев баспасөз- брифингінде мәлім етті.
Ағымдағы жылы қала аумағында 183 медициналық ұйым қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік мекеме болса, қалған 149-ы жекеменшік медициналық ұйым.Биыл медициналық қызметтерді сатып алу рәсімінің қорытындысы бойынша 183 медициналық қызмет көрсетушімен 112 582 636,12 мың теңге сомасына 442 шарт жасалды, оның ішінде: ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) бойынша – 59 182 692, 18 мың теңге, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) бойынша – 53 399 943,94 мың теңгені құрап отыр.
Республика көлемінде сақтандырылғандар саны 82,82 % құраса, бұл көрсеткіш Шымкент қаласында 77,5% ға жетті.Филиалға «Айкей СRM» ақпараттық жүйесі арқылы медициналық мекемелерге қатысты өтініштер саны 2021 жылы 59 524 болса, 2022 жылы 55 759, 2023 жылы 25 569 өтініш келіп түскен. Оның ішінде арыз-шағымдар, ұсыныстар, алғыстар және азаматтардың сала бойынша кеңес сұрағандары да бар.
Өтініштер мен ұсыныстардың азаюы және шағымдардың өсуі халықтың, сақтандырылған адамдардың, МӘМС жүйесі мен өз құқықтары туралы хабардарлығының артуымен байланысты.
МӘМС жүйесін енгізудің артықшылықтарына келер болсақ, медициналық қызметкерлердің орташа жалақысы өсті, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдар саны артып, қызметі қарқын алды. Оның ішінде, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және экстракорпаралды ұрықтандыру (ЭКО) қызметтері бар. Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында жүкті әйелдерге, балаларға, мектеп медицинасына, жастарға өз алдына қосымша қаржы қарастырылды.Бұдан бөлек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша тізімге енгізілген науқастарды қаржыландыру 1,7 есеге өскен.