Қалада күзгі ағаш отырғызу маусымына орай 51 348 түп жай жапырақты, 9 586 қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылмақ. Қазіргі таңда жалпы саны 20 мыңнан аса көшет егілген. Қалған ағаштарды отырғызу жұмыстары толығымен желтоқсан айында аяқталмақ.
Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әбілхайыр Бақытқалиұлы баспасөз брифингінде баяндады.
Сондай-ақ брифингте ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету барысында атқарылған жұмыстар және алдағы уақыттағы жұмыс жоспары да таныстырылды. Ондай аймақтардың бірі дендрологиялық саябақ болып табылады. Ғылыми аймақта орналасқан жылыжай арнайы кленкамен жабдықталып, қыс мезгіліне дайындалған. Жылыжай аумағында гинко, каркас, эводия, анар, лапина, хилокатальпа, барбарис, ленкоран альбициясы, қызыл арша сынды 30-дан астам ағаш түрлері өсірілуде.
Дендросаябақ аумағындағы жарық шамдар толығымен ауыстырылып, ағаш-бұталы екпелердің жай-күйін түгендеу, бағалау және топырақ құрамын анықтау мақсатында сараптама өткізілген. Сараптама қорытындысына сәйкес, жалпы ағаштар саны — 74 560 түп, бұталар саны — 4 615 түп, ал ағаш-бұталардың гендік қоры 214 түр екендігі анықталыпты.
Айта кетейік алдағы жылы индустриалды аймақтарға да ағаш отырғызу қолға алынбақ. Сондай- ақ егілген әрбір ағаштың жай-күйін, өсуін бақылайтын «Жасыл екпе» атты екпе паспорты жобасы іске асырылмақ.