Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында алдағы 5 жылда 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Тапсырмаға сәйкес қазірден жұмыс басталып кетті. Биыл көктемде 81 миллион ағаш егілсе, күзде тағы 50 миллионға таман ағаш отырғызу көзделуде. Бұл жобаға 5 жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 миллиард теңге бөлінген. Өйткені ағаш отырғызу сырттай оңай көрінгенімен машақаты көп жұмыс. Бір тұқымды орманға егу үшін оны зертханада екі жыл күту қажет. Төрт кезеңді сынақтан өткізіп, сол аймақтың ауа райына бейімдеу керек. Қазір еліміздегі орманның жалпы көлемі жеріміздің төрт жарым пайыздан астамын құрайды. Егер алдағы 5 жылда жоспарланған 2 млрд. ағаш толық отырғызылса, онда бұл көрсеткіш 5 пайызға жетеді. Президенттің бұл тапсырмасы Жетісу жерінде толығымен орындалып жатыр.
Бүгінде Алматы облысының мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы аумағы 5,4 млн. гектарды және облыс аумағының 24,1 пайызын құрайды. Оның ішінде орманмен көмкерілген жер көлемі 2 млн. гектар болып, 8,3 пайызды иелейді. Орманды жерлердің басым бөлігі Кеген және Балқаш аудандары аумағына тиесілі. Бұл негізі қылқан жапырақты және сексеуілді ормандар санатында.
Президенттің тапсырмасын іске асыру барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы облыс әкімдігі және табиғат қорғау мекемелерімен бірлесіп, 2021 – 2025 жылдарға арналған орманды молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту бойынша кешенді жоспар әзірледі. Аталған жоба шеңберінде орман отырғызу облыс әкімдігі, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және басқа да бастамашыл топтардың күшімен жүзеге асырылуда. Бұл іс-шаралар орман орналастыру құжаттарына және орман молықтыру талаптарына сәйкес жобаланған.
Кешенді жоспарға сәйкес 5 жыл ішінде 83 млн. дана ағаштың 71 млн. данасын тұқым себу арқылы, 12 млн. данасын көшет отырғызу арқылы құру жобаланған. Атап айтар болсақ, 3 млн. 193 мың дана Шренк шыршасы, 308 мың дана қарағай, 237,3 мың дана терек, 95 мың дана қайың, 4 млн. 544 мың дана қарағаш, 621,4 мың дана жиде, 234,2 мың дана тал, 540,83 мың дана өрік, 826 мың дана Сиверс алмасы, 71 млн. дана сексеуіл отырғызылады. Сонымен қатар, тұқымбақтарға және орман екпесін құру үшін себуге тұрақты орман тұқым учаскелерінен 140 мың келе орман тұқымын жинау жоспарлануда.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін жобалау-іздестіру жұмыстарына (топырақты зерттеу үшін) республикалық бюджеттен 1 млрд 78 мың. теңге, жергілікті бюджеттен ағаш отырғызу көлемін орындауға және талапқа сай келетін техника мен құралдар алуға 3 млрд. 330 млн. тенге бөлу қарастырылған. Аталған қаржыландыру шеңберінде 9 трактор, 9 жүк көлігі, 4 көшет отырғызу машинасы, 9 вагон алу жоспарланған.
Әрине, бұл ауқымды істі жүзеге асыру көп күшті талап етеді. Сондықтан жобаны облыс әкімдігіне қарасты 14 орман шаруашылығы мекемесі, 3 МҰТП, 1 МТР, 1 МДП және 1 Селекциалық-тұқым өсіру орталығы бірлесе отырып орындайды. Жоғарыда аталған мекемелерде орманды молықтыру жұмысын орындауға қажетті стандартты отырғызу материалдарымен қамтамасыз ететін 30 дана орман тұқымбағы бар.
Биыл орман тұқым учаскелерінен 154,8 келе шырша, 660,0 келе жабайы өрік, 1813,0 келе қарағаш,194,0 келе алма, 90,0 келе емен, 229,0 келе жиде, 21466,0 келе қара сексеуіл тұқымы жиналыпты.
Атамыз қазақтың «Бір тал кессең, он тал отырғыз!», «Артыңда мал қалғанша тал қалсын!», – деген қанатты сөздері бекер айтылмаған. Өңірімізге сән берген қарағай, орман-тоғайларды қорғайтын, әр жыл сайын көшеттермен көлемін ұлғайтып, көркейтіп отыратын орманшылар қауымының жұмысы жеңіл емес. Көктем айынан бастап жаз маусымында орманшыларға тыныштық жоқ десе де болады. Өйткені, олар орман алқабын шырша көшеттерімен молайтады, адамдар табиғат аясында демалатын шақта орманды өрттен қорғау мақсатында тынбай жұмыс жүргізеді. Сырттан келген қонақтармен, туристермен түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырып отырады. Орманды қорғау аймағында отырған малшылармен, шаруа қожалықтарының адамдарымен келісім шарт жасайды.
Әрине, орманды отырғызумен бірге оны күтіп-баптау ісі де өзекті саналады. Мамандардың айтуынша, биыл отырғызылған орман көшеттерінің 70 пайызы жерсіндірілген. Бұл үлкен көрсеткіш. Аталған жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.