Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет.
Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Президент Жолдауында ай»тылған өзекті мәселе үшінші мегаполисте мықтап қолға алынбақ. Сүт өнімдерін қайта өңдеу мен дамыту бағытындағы жұмыстарды қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы назарға алып отыр. Оның айтуынша, шаһар халқын сапалы ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтуға қазіргі таңда барлық мүмкіндік қарастырылған. Шымкентте сүт кластерін дамытып отырған цехтың бірі – «Intermilk Kazakhstan» ЖШС. Биыл ғана нарыққа қосылған кәсіпорын аз уақыттың ішінде біраз жетістіктерге жетіп үлгерді. Олар мал сүтін қайта өңдеп, түрлі өнімдерді шығарады. Сырдың сан алуан таңдаулары, сары май мен қаймақ, айран, құрт секілді тағам түрлері Түркия технологиясымен жасалады. Құрылғыларды игеру қиын емес, мамандарды арнайы оқытудан өткізді.Мемлекеттік қолдаудың арқасында 15 азаматты жұмыспен қамтып, шаруаларын дөңгелетіп отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кәсіпорындардың көбейгені – екі қолға бір күрек іздеген азаматтарға жақсы. Жалақыны да жарытып береді, үйімізге де жақын деп отыр жұмысшылар. Шаруа қиын емес, басым бөлігін технология, құрылғылар атқарады. Бақылап жүрсе болғаны. Сонымен қатар, түскі ас та ұйымдастырылған. Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласына инвестиция көлемі артып жатыр. Алдағы уақытта ірі жобалар жоспарланып отыр. Мәселен, осындай өнімдерді қайта өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағы құрылып, бүгінде инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.