Қостанай облысында әйелін өлтірді деген күдікпен полиция қызметкері ұсталды. Қаза болған әйел де құқық қорғау органдарында жұмыс істеген, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі 3 қараша күні мәлімдеуінше, Ішкі істер министрлігі өңірге әйел полицейді өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу үшін жеке қауіпсіздік және криминалдық полиция қызметкерлерінен құралған арнайы топ жіберді.
1 қараша күні таңертең Қостанай облысындағы ауылдардың бірінде полицияда жұмыс істеген әйелдің мәйіті табылды. Кісі өлтірген күдікті дереу ұсталды, ол жәбірленушінің күйеуі, сонымен бірге құқық қорғау органының қызметкері болып шықты. Ер адам қашуға тырыспады. Ол уақытша ұстау изоляторына жіберілді, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Жәбірленуші мен күдікті ресми түрде некеде болған. Екеуі де полиция қызметкері. Ажырасу процесінің басталуын күтіп жүрген, отбасында екі кішкентай бала бар", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.
Сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Қылмыстың мән-жайы анықталуда. Істі тергеу барысын Ішкі істер министрлігі ерекше бақылауға алды.