Елордада стихиялық қоқыстармен күресу бойынша жүйелі түрде белсенді жұмыс жүріп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Елорданың бес ауданында рұқсат етілмеген полигондардың 200-ден астам орнының 174-і жойылды. Қоқыс шығару жұмысы жалғасып жатыр.
Мәселен, осы жылдың басынан бастап Сарыарқа ауданында 27 санкцияланбаған қоқыс орны анықталып, жойылды, 19 560 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ биыл «Астана қаласының цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы» ММ-мен бірлесіп «Сергек АӨК» бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыс жүргізілуде, олар заңсыздықты анықтайды.
Ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша 2023 жылы Есіл ауданында 84 стихиялық қоқыс орны табылды. Бүгінгі таңда оның 32-сі бойынша жұмыс жүргізілді.
Аудан бойынша құрылыс қалдықтарын жинаудың негізгі орындары: Қарқаралы тас жолы, Әл-Фараби көшелерінің жалғасы (38-көше), Хусейн бен Талал, Ұлы Дала даңғылы, «Нұра-Есіл» каналы және т.б.
Бүгінгі таңда құрылыс компанияларымен бірлесіп 35 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.
Нұра ауданында 47 стихиялық қоқыс орны анықталды. Олардың негізгі жиналатын орындары – Ұлы Дала даңғылы, «Западный» саяжай қоғамы, Е-128 көшесі ПІБ гараждары, Е15 көшесі, Қорғалжын тас жолы, Айтматов көшесі. Бүгінгі таңда рұқсат етілмеген полигондардың 37 орны жойылды. Жалпы ауданнан полигонға 24 370 тонна құрылыс қоқысы шығарылды.
Алматы ауданында ғарыш мониторингі арқылы рұқсат етілмеген полигондардың 62 орны анықталды. Олардың барлығы жойылып, 16,5 мың тоннадан астам қалдық шығарылды.
Байқоңыр ауданында, сондай-ақ өзге аудандардың бәрінде санкцияланбаған қоқыс үйінділерінің болуына күнделікті тексеру және мониторинг жүргізіледі. Ұсынылған «Қазақстан Ғарыш Сапары» ғарыштық суреттері бойынша аудан аумағында стихиялық қоқыс тастайтын 16 орын табылып, расталды. Олардың аумағынан сегіз мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.