Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ағымдағы жағдай мен қазақстандық туристік өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін қосымша шаралар туралы айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Оның айтуынша, жуырда Самарқанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның Бас ассамблеясында жаһандық ағындардың толық қалпына келмегені туралы мәлімделген. Бұл ретте Қазақстанда індетке дейінгі көрсеткіштерге қол жеткізілді және асып түсті.
«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 3 млн-нан астам отандық азамат ел ішінде саяхаттады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 400 мыңға артық. Болжамдар бойынша жыл соңына дейін отандық туристер саны 9 млн адамға жетеді. Сондай-ақ 6 айдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам адамды құраған шетелдік туристер санының екі есе өскені байқалады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1,4 млн туристке жетеді», — деді министр.
Туристердің артуы нәтижесінде туристік саладағы кәсіпкерлердің де табысы өсті. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша орналастыру орындарына шамамен 100 млрд теңге табыс келді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 30 млрд теңгені құрайды.
«Сондай-ақ биыл Алматы облысы, Саты ауылы Дүниежүзілік туристік ұйымның «Үздік туристік ауыл» сыйлығына лайық деп танылды. Бұл бізде агро және ауылдық туризмнің барынша дамып келе жатқанын көрсетеді деуге болады», — деп спикер жетістігімен бөлісті.
Биылғы 9 айда туризмге 405 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 44%-ға артық. Өңірлер бойынша ең көп өсім Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Алматы облыстарында байқалады, ал теріс динамика 5 өңірде: Ұлытау, Маңғыстау, Жамбыл, Қызылорда, Атырау облыстарында тіркелді.
Ермек Маржықпаев инвестициялар бойынша жылдық жоспарға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында барлық өңірлер жұмысты жандандырып, іске асырылып жатқан әрбір жобаны әкім жеке бақылауына алуы қажет екенін айтты.
Ол сонымен қатар шетелдік туристердің өсуіне елдің халықаралық ашықтығы да оң әсер ететінін, 80 елден тұратын визасыз режимнен басқа, Қытаймен визалық талаптардың үкіметаралық келісімі барысында Қытай бағытының жанданғанын баса айтты.
«Жалпы Қазақстанда, бізге келетін туристерге виза алу процесі мен е-виза кезінде бірнеше қиындықтар бар екенін атап өтемін. Мысалға, туристерге шақыру қағазын алуға бірнеше апта кетеді және әуежайда төлқұжатқа виза қою процесі бірнеше сағатты алады. Осы жағдайлар туристік топтарға қолайсыздық тудырады. Осыған байланысты шақыру алуды цифрландыру мәселесі пысықталуда. Сондай-ақ құрлықтағы өткізу пункттерінде электронды визамен мемлекеттік шекарадан өтуге рұқсат беру бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деді ведомства басшысы.
Е.Маржықпаевтың баяндамасына сәйкес, 2022 жылдан бері кәсіпкерлерді ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары енгізілген.
«2023 жылдың басынан бастап мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, 2022 жылы барлығы 104,4 млн теңгеге пилоттық қолдау шаралары көрсетілсе, бүгінгі таңда жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам өтінімдер мақұлданды», — деді министр.
Министрлік басшысы Kids go free бағдарламасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде бағдарламаны 1,5 отбасы пайдаланды, соның арқасында 3,2 мың бала ел бойынша тегін саяхаттауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 1 мың баланы қамту жоспарланған. Жобаны мұғалімдердің қадағалауымен жүретін мектептегі топтық турларға тарату бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ министрлікпен шаруа және фермер қожалықтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде қонақ үйлер салуға мүмкіндік беру мәселесі қаралуда. Бұл шара ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтуға ықпал ететін болады.
«Пандемиядан кейін бүкіл әлемнің туристік секторында туристердің назарын аудару мақсатында белсенді «күрес» байқалады. Әр мемлекет өз елдерін жарнамалауға айтарлықтай қаражат салып отыр. Бұл бағытта біз шетелдік туристерді тарту және туристік имиджді ілгерілету жөніндегі жұмысты күшейтеміз», — деп мәлімдеді спикер.
Сондай-ақ Халықаралық көрмелер санын көбейтуге, шетелдік БАҚ өкілдерін тартуға, Қытайда «Қазақстан туризмі» жылын өткізуге баса назар аударылады. Сонымен қатар туризм және спорт индустриясын қолдаудың Корпоративтік қоры арқылы туризмге қатысты ауқымды іс-шараларды бюджеттен тыс қаржыландыру тетігі пысықталып жатыр.
Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қатысты 2019-2021 жылдар аралығында 37,3 млрд теңге сомасына 56 жоба аяқталды. Өткен жылы құны 27 млрд теңге тұратын 28 инфрақұрылымдық жоба өз межесіне жетті.
«Әлихан Асханұлы, сіздің тапсырмаңыз бойынша басым аумақтар тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілді. Осылайша, әр аймақта өсудің ең перспективалы нүктелері анықталды. Бұрын ұсынылмаған тізімге Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай, Атырау облысындағы Сарайшық қалашығы, Ұлытау облысы және тағы басқа өңірлер кіреді. Сондай-ақ тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында дамудың нақты учаскелерін, инфрақұрылымдық қажеттіліктерді және қаржы моделін айқындай отырып, мастер-жоспарлар әзірленетін болады. Аталған жоспарлардың жүзеге асуына мониторинг жасауды ведомствоаралық комиссияға тапсыру ұсынылады», — деді Е.Маржықпаев.
Жалпы туризм саласындағы инвестициялық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес 15 инвестициялық жобаның тізбесін қалыптастыру бойынша Ақтау қаласында жылы жағажайдың дамуын аяқтау бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ «Қаскелең» тау шаңғысы курортының құрылысына инвесторлар іздеу, Silk Road Express турпоездын іске қосу, Алматы қаласында конгресс-көрме орталығы құрылысының жүргізілуі, Қазақстанның оңтүстігінде тақырыптық ойын-сауық паркін ашу сияқты бірнеше жоба іске асырылып келеді.
«Шетелдік туристердің жайлылығын арттыру үшін шекарада QR-кодтар енгізу пысықталып жатыр. Олар бойынша туристер гид, такси құны, электронды сим картаны сатып алу, қазақ тіліндегі пайдалы сөз тіркестері сияқты ең қажетті ақпарат таба алады», — деп министр жоспарларымен бөлісті.
Сондай-ақ келесі жылы туристік тартымдылыққа сүйене отырып, өңірлер рейтингі бойынша цифрлы платформа әзірленетін болады. Бағалау критерийлеріне ыңғайлы навигацияның, қоғамдық орындарда интернеттің болуы, туробъектілерге билеттерді сатып алу сервистерінің жұмысы және тағы басқа кіреді.
Бұдан басқа, білікті гидтер мен экскурсоводтардың бірыңғай ақпараттық базасын құру, яғни гидтердің қызметін цифрландыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Туристерді алып жүретін гидтерге арнайы бейджиктер беріліп, олар сол арқылы мұражайларға, ұлттық парктерге және басқа орындарға тегін кіруге мүмкіндік алады.
Ермек Маржықпаев инфрақұрылымды дамытумен және жүйелі шаралармен қатар кадрлық әлеуетті де дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Kazakh Tourism 2024 жылы да жалғастыруды жоспарлап отырған бірқатар бағыт бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Онлайн туризм академиясы базасында жаңа курстар арқылы сала қызметкерлері мен кәсіпкерлердің құзыреттілігін арттыру.;- Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастығының федерациясын (WFTGA) тарта отырып, гидтерді дайындау, сондай-ақ халықаралық әдістеме бойынша кәсіби гидтерді дайындай алатын жаттықтырушыларды даярлау көзделген», — деді ол.
Ауыл тұрғындарын қабылдауға үйрету жобасы 3 жылдан бері жүзеге асып келеді, жоба шеңберінде бүгінге дейін 900-ден астам адам оқытылды.
Ермек Маржықпаев жоғарыда аталған барлық шара арқылы Қазақстанның туристік беделі артып, көрікті жерлерімізді әлемге танылады, сала айрықша дамиды деп сенім білдірді.