Алматы облысында Қазақстан Республикасының шалғай аймақтарындағы халықты онкологиялық скринингтік және профилактикалық тексеруді дер кезінде жүзеге асыруға бағытталған «QH Денсаулық жолы» қайырымдылық жобасының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 2 көліктен тұратын жылжымалы медициналық кешен Алматы облыстық көпсалалы емханасына салтанатты түрде табысталды.
OPTIMA жылжымалы медициналық кешені томосинтез функциясы бар сандық маммографиялық жабдықпен, сарапшылық деңгейдегі ультрадыбыстық жүйемен және жоғары деңгейде зерттейтін компьютерлік томографпен жабдықталған. Кешеннің құны 1,091 млн теңгені құрайды.
«Бүгінде елде шалғай ауылдардың тұрғындарын онкологиялық скринингтік тексерулермен қамту деңгейі төмен. Мобильді медициналық кешендер әсіресе қатерлі ісікке шалдығуы мүмкін науқастарға жоғары технологиялық консультативтік-диагностикалық көмекке қолжетімділікті арттырып, төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы скринингтік тексерулерді уақтылы өткізуге ықпал етеді», - деді «Қазақстан халқына» ҚҚ Төрағасы Болат Жәмішев.
Айта кетерлігі, бір ғана Алматы облысында 10 617 онкологиялық науқас диспансерлік есепте тұр. 2023 жылы 8 айда тағы 1342 науқас тіркелді. Келесі аптадан бастап жылжымалы кешендер Алматы облысының шалғай орналасан Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарына жол тартады.