Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімге көлік министрі Марат Қарабаев қол қойды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталған маңызды құжат Транскаспий халықаралық көлік бағытының бәсекеге қабілеттілігінің өсуін бірлесіп қамтамасыз ету және көлік инфрақұрылымын салу, жүктерді тасымалдау бойынша озық технологияларды енгізу, аралас тасымалдауды дамыту, маршрутты дамыту үшін инвестициялар тарту, екі елдің аумақтары бойынша жүктерді тасымалдау үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ транзиттің қосымша көлемдерін тарту және үздіксіз аралас тасымалдауды қамтамасыз ету үшін логистикалық орталықтарды дамыту мәселелерін шешуді көздейді.
Келісімге сәйкес тараптар өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етуге және мынадай бағыттар бойынша қажетті шаралар қабылдауға ниетті:
- Транскаспий халықаралық көлік бағытының тұрақты және тиімді жұмыс істеуін жалғастыру үшін ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту;
- өз аумақтары шегінде транзиттік тасымалдарды жүзеге асыратын поездардың немесе көлік құралдарының өтуін жеңілдету үшін аралас тасымалдарды ұйымдастырудың оңтайлы нұсқаларын зерделеу және екі тараптың транзиттік жүк көздерін игеруі;
- Қытайдан Еуропаға транзиттік және сыртқы сауда жүктерін халықаралық көлік бағыты бойынша және кері бағытта тарту;
- Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы порт инфрақұрылымының жобаларын қаржыландыруға жәрдемдесу;
- порттарда және түйісу станцияларында мультимодальды жүктерді қайта өңдеуге байланысты әкімшілік кедергілерді азайтуға жәрдемдесу;
- логистикалық және көлікке қатысты операцияларды оңтайландыру, тасымалдау уақытын қысқарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;
- Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалданатын жүк айналымының жылдық әлеуетін болжау.