Қапшағайда қыздың өмірін құтқарған тәртіп сақшысы “Ерлігі үшін” медалімен наградталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Мемлекет Басшысының Жарлығымен “Ерлігі үшін” медаліне ие болған Қапшағай полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Айбек Нұрмекеновті ҚР Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев құттықтап, наградасын табыстады.
<!--more-->Министр мінсіз қызмет атқарған және қиын шақты ұтымды пайдаланып, өзгеге көмек қолын созған тәртіп сақшыларының еңбегін ерекше бағалап, әр полицейдің ел игілігі үшін аянбай қызмет ету қажеттілігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айында Қапшағай қаласы маңындағы көпірден секірген қызды тәртіп сақшылары Асхат Дабылдаев пен Айбек Нұрмекенов құтқарып алғаны туралы хабарлағанбыз.
<!--more-->Полицейлермен тілдесуге көнбеген қыз 25 метрлік көпірден Іле өзеніне секірген. Жағдайды дұрыс пайымдаған Айбек Нұрмекенов су ішінен қызды құтқарып, алғашқы көмек көрсеткен.
<!--more-->
– Қыз не үшін секіргенін айта алмай, жылай берді. Сондықтан, қызды шұғыл түрде ауруханаға жеткіздік. Бұл – ерлік емес. Кез келген саналы азамат біз сияқты әрекет етер еді. Дегенмен, еңбегімізді бағалап, медаль таққан Президентіміз бен ҚР Ішкі істер министрлігінің басшылығына алғысым шексіз. Қазақстан Республикасыны қызмет етемін!, – деді Айбек Нұрмекенов пен Асхат Дабылдаев.
<!--more-->
Омырауға тағылған медаль иесіне үлкен жауапкершілік жүктегенімен қатар, оның өзге әріптестері үшін жоғары деңгейде қызмет атқаруға шабыт беретіні анық.