«Павлодар облысы – қоныс аударушылар бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көшбасшы, сол үшін өңір басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл бағдарлама бойынша адамдар жұмыс күші артық өңірлерден ғана емес, шетелден де көшіп келеді. Қандастардың еліміз игілігіне қосқан үлесін ұмытпау керек», — деді вице-премьер.
Биыл өңірде қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау квотасы 3600 адамды құрайды. Бүгінгі күні өңірлік квотаға 1257 адам немесе жоспардың 34,9% енгізілді. Қоныс аударушылардың ең көп саны Павлодар және Екібастұз қалаларына келді. Облыстың Ақтоғай, Павлодар және Успен аудандарында квотаның орындалуы орташа көрсеткіштен жоғары. Еңбек күшін көшіру жұмыс күші артық өңірлерден жүзеге асырылады.
Басым көпшілігі Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарынан келеді. Олардың қатарында білім беру және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы мамандар көп. Еңбекке қабілетті 536 азаматтың 369-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, 6 адам грант алды және 1 адам оқуға жіберілді. Халықтың көп саны ауылдық жерлерде және облыс қалаларында қоныстанды.