Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған безбүйрек ана қамауға алынды, деп хабарлайды Polisia.kz.
2018 жылы бөтеннің мүлкін жымқырған Жұлдызайды Мақтаарал аудандық соты бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырады. Алайда сот отырысында аудандық сот қылмыскердің кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазасын орындауды бес жыл мерзімге кейінге қалдырады.
Жазаны өтеу кейінге қалдырылған кезде, осы жазаның орындалуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
– Жетісай аудандық пробация қызметінің есебіне алынған алғашқы күні Жұлдызайға өзінің құқықтары мен міндеттерін, баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтарған жағдайда, сотқа жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жою бойынша және сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiберу бойынша ұсыныс жолданылатыны ескертілді. Жазасының орындалуын бақылау кезінде сотталған азаматшаға және оның перзенттеріне пробация тарапынан бірнеше рет әлеуметтік көмектер көрсетілді. Алайда азаматша жаза өтеу барысында өзіне сотпен берілген мүмкіндікті тиісті деңгейде орындамай, асырауындағы балаларын қамқорлықпен тәрбиелеудің орнына, спирттік ішімдікке салынып, балаларын қараусыз қалдырып, жазасын өтеуден қасақана жалтарды. Сонымен қатар перзенттері үшін мемлекет тарапынан тағайындалған ай сайынғы алпыс алты мың теңге жәрдемақысын бас пайдасына жаратып келді, – дейді пробация қызметі бөлімінің бастығы Еламан Бекбалаев.
Сот жүктеген міндеттерді орындамай, жазадан қасақана жалтарғаны үшін Жетісай аудандық сотының қаулысымен іздеу жарияланып, нәтижесінде бас шарасы қамауға алынып, пробация қызметімен аудандық сотқа жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жою бойынша ұсыныс жолданылды.
Пробация қызметі Жұлдызайдың асырауындағы кәмелеттік жасқа толмаған балаларына қамқорлық жасап, аудан әкіміне балаларды “Бөбектер үйіне” орналастыру бойынша ұсыныспен шықты.
Аудан әкімінің қаулысымен 2019 жылы туылған Қ. есімді ұлы Шымкент қаласындағы “Мамандандырылған бөбектер үйіне”, қалған бір ұл, төрт қызы “Кәмелетке толмағандарды бейімдеу” орталығына уақытша орналастырылды.
– Ата-аналық міндеттерін орындаудан жалтарған Жұлдызайды ата-аналық құқықтарынан айыру мәселесі де сотпен қаралатын болады, – дейді Еламан Бекбалаев.
Ананың жағдайы түзелмесе, ұрпақтың түзелуі қиын.