Петропавл полицейлері алаяқтарға алданған зейнеткерге 5,5 млн теңгесін қайтарып берді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Сіздің қызыңыз жол-көлік оқиғасының себепкері болды, оның кесірінен жүкті әйел өлім мен өмірдің арасында тұр” сынды сөздерді Петропавл қаласының 76 жастағы тұрғыны телефонға келіп түскен қоңыраудан естіді. Оған өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалды. Оның айтуынша, апаттан зардап шеккен әйелдің туыстары, егер оларға үлкен сомадағы ақша төленсе, өтініш жазбауға келіседі екен. Есеңгіреген зейнеткер келісіп, мекенжайға келген курьерге өзінің барлық жинап-түйгенін – 5,5 миллион теңге сомадағы ақшасын бере салды.
Қуанышқа орай, осыдан кейін оның қызы үйге келген және қандай оқиға орын алғанын біліп, дереу полицияға жүгінген. Тәртіп сақшылары курьерді іздеп үлгерді. Полицейлердің айтуынша, ол Петропавлдағы алаяқтықтың тағы екі фактісіне қатысы болуы мүмкін. Бұл жолы ол бірден ұсталды, ұрланған ақша тәркіленді.
– Аталған факт бойынша Петропавл қаласының 17 жастағы тұрғыны анықталды, кәмелетке толмағандығына байланысты ол ата-анасының кепілгерлігімен босатылды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Адамдардың назарын мұндай алдау схемасы жақында кеңінен таралып жатқандығына көңіл аударамыз. Біз адамдардан қырағылық танытуды, зиянкестердің психологиялық қысымына көнбеуді сұраймыз. Осындай жағдайда әңгімені үзіп, алаяқтар сөз етіп отырған туыстарыңызға хабарласыңыздар, ЖКО фактісінің жоқтығына көз жеткізу үшін “102” арнасына дереу қоңырау шалу қажет, – деді СҚО ПД Петропавл қаласы ПБ бастығы Ербол Тайбеков.