Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына сот үкімі оқылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бөлігі 4-тармағы 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деді судья.
Арыстанбек Мұхамедиұлымен қатар Ұлттық музей басшысы болған Алмас Нұразхан, «Экспонат» мердігер ұйым директорының орынбасары Азамат Көшенов пен осы компанияның есепшісі Айым Сәдуақасова 7 жылға сотталды. Олар қылмыстық заңбұзушылыққа қатысты деген айыппен кінәлі деп танылды. Сот шешімімен 6 жасар қызы бар, жалғызбасты Айым Сәдуақасованың баласы Сәдуақасованың туыстарының біріне немесе қамқорлық мекемесіне тапсырылатын болды.
Еске салайық, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын.
Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.
Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхемадиұлыны адвокаты Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеген.
Сондай-ақ, сотталушы Көшенов сотқа Тұңғышбай Жаманқұловты куәгер ретінде шақыруды өтінді. Айтуынша, актер ол туралы "жалған ақпарат берген". Сотталушы не үшін екенін сұрап, Жаманқұловқа хат жазғанда актер "сені танымаймын" деп жауап берген-мыс.
Алайда прокурор Зәкіров "оны шақырудың қажеті жоқ" деген болатын. Судья ақыры Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, Көшеновтың өтінішін қанағаттандырмады.
Сондай-ақ, судья Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберуге де келіскен жоқ.
16 мамырдағы сот отырысында экс-министр прокурорға шүйлігіп, оны қызметінен алып тастауды талап еткен.
22 мамырда бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловадан куәгер ретінде жауап алынды.
Ал 23 мамырдағы отырыста адвокат Айгерім Әнуарбек бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Мұхамедиұлы психологтың көмегін талап етті.
Сондай-ақ, жауап алу кезінде экс-министр өзіне қарсы істің ойдан шығарылғанын және тек қаржылық мүдде үшін, ең алдымен, «Дипломат» қонақ үйіне байланысты қозғалғанын айтты.
Соттағы соңғы сөзінде Арыстанбек Мұхамедиұлы ату жазасына да келісетінін мәлімдеген.