Елімізде 3 900 дәрігер жетіспейді. Бұл туралы бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасаған kazlenta.kz
«Кадр мәселесі ерекше назарда. Республика бойынша кадр тапшылығы дәрігерлер арасында - 3 900 маман. Былтыр үш мыңнан астам жас түлек жұмысқа орналастыруға жіберілді, оның 630-ы – ауылды елді-мекендерде. Биыл 1 872 жас түлектің 441-і ауылдарға жіберілді. Келесі жылға 11 мыңнан астам маман дайындап жатырмыз. Қазір мамандар бар көп жерде әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Үй, көтеріңкі жәрдемақы мәселесін көтеріп жатырмыз. Әсіресе, ауылға баратын дәрігерді ынталандыру қажет», - деді министр.
Оның атап өтуінше, 2022 жылы жалақы дәрігерлерге орта есеппен – 30, орташа медицина персоналына 20 пайызға көтерілді.
«Келесі жылы дәрігерлерге жалақыны орташа есеппен 531 мың теңгеге дейін, орта медицина персоналына 250 мың теңгеге дейін көтеру жоспарланған. Сонымен бірге медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін және медицина қызметкерлерінің мәртебесін сақтандыру жүйесін енгізу үшін тиісті заң жобасы әзірленді. Ол Мәжіліске енгізіліп, деутаттардың қарауында», - деді Ажар Ғиният.