Қызылордада азық-түлікті ысырап қылды делінген "Байқоңыр" ӘКК басшысы қызметінен босатылды, ал облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс берілді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте азық-түлік ысырабына жол берген корпорацияның жұмысына тиісті баға берілді.
Өңір басшысы бұл корпорация басшысының қатесі екенін, ысыраптың алдын алуға болатынын айтты.
"Самат Нұрахметұлы, шынында, бұл әрекет тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Мәселенің бұрыннан бар екенін біле тұра, мамандарыңызбен бірге қоймадағы өнімдерді басқа мақсатқа пайдалану жолдарын қарастыру керек еді. Бұл жұмыс та істелмеген. 126 тонна өнім жарамсыз болғанша шірігенін күтіп, оны пайдаға асырудың балама жолдарын іздемегенсіздер. Бұл сіздің басшы ретінде жұмысты тиісті деңгейде үйлестіре алмағандығыңызды көрсетеді. Елге жанашырлық таныта алмайтын адамдарға біздің арамызда орын жоқ", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Осы жағдайдан кейін "Байқоңыр" ӘКК" АҚ басқарма төрағасы Самат Ерниязов қызметінен босатылып, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевқа қатаң сөгіс жарияланды.
Бұл оқиға бойынша арнайы комиссия құрылып, мән-жайы мұқият тексерілмек. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін тиісті ұсыныстар әзірленуі керек.
Еске салайық, 26 мамырда әлеуметтік желіде қоқыс полигонына төгілген жарамсыз көкөніс қалдықтары туралы видео тараған болатын.