Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан армиясы атына айтылған сынға жауап берді, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бүкілармиялық кеңес кулуарында журналистер Қорғаныс министрлігі басшысынан қазақстандықтар неге әскерге барғысы келмейтінін сұрап, әскерге шақырылғандар арасындағы суицид пен жазатайым оқиғалар туралы мәселе көтерді.
"Биыл әскерде аман-есен қызмет етіп жатқаныма - 40 жыл. Армия – қоғамның бір бөлігі, ол мемлекеттің бір бөлігі. Әрине, азаматтық қоғамдағы мәселелер армияға да тән. Бірақ біз ұялмаймыз, одан қорықпаймыз", - деді ол журналистер сұрағына жауап беріп.
Жақсылықовтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі қазірдің өзінде армия құрылымындағы қателерді жою бойынша жұмыс істеп жатыр.
"Бізде проблема жеткілікті. Біздің проблемамызды бізден артық ешкім білмейді. Бүгін Президент біз бейбіт мемлекетпіз, бірақ қамсыз отыруға болмайды - барлық жағдайға сақадай сай болуымыз керек, деді. Әскер осы үшін керек", - деді Жақсылықов.