2025 жылға дейін елімізде 113 спорт нысаны салынып, 26 спорт нысаны жөнделеді. Бұл мәліметтерді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан тұрғындарымен кездесуіне айтты, деп хабарлайды kazlenta.kz министрдің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
«Мәдениет және спорт министрі ретінде алғашқы есеп беру кездесуін өткіздім. Жұмыс сапары Қазақстанның рухани астанасы - Түркістан қаласынан басталды.
Есеп беру кездесуіне өңірдің 400-ден астам тұрғыны қатысты. Олардың ішінде мәдениет, спорт және туризм салаларының қызметкерлері, журналистер, ЖОО оқытушылары, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері және қоғам дамуына бей-жай қарамайтын азаматтар бар. Кездесу 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Уақыттың көп бөлігі тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге арналды»,-деді министр.
Оның сөзінше, күн тәртібінде ономастикалық комиссия жұмысының тұжырымдамасын жаңарту қажеттілігі, Түркістан облысының шағын елді мекендерінде спорт клубтары мен мәдениет үйлерін салу, «Тұран» балалар футбол академиясын қолдау, спорт академиясы оқытушыларының еңбекақысын көтеру, спорттық және мәдени мекемелердің жұмысын бағалау мен қаржыландыру кезінде рейтингтік жүйе енгізу, жас спортшыларға арналған жатақханалар салу, Түркістан туризм университетінде өткен жылы тоқтатылған гранттарды беруді қайта жаңғырту сияқты тақырыптар көтерілді.
Есепті кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау да өткізілді. Сондай-ақ министрлік жүргізіп жатқан жұмыс және алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
«Біз спорттық инфрақұрылымды белсенді дамытып келе жатырмыз, 2025 жылға қарай 113 спорт нысаны салынып, 26 спорт нысаны жөнделеді. Сондай-ақ, Түркістанда 15 мәдени нысанды жөндеу және 3 мәдени нысан салу жоспарда тұр. Рухани астанамыз - Түркістанның өсіп-өркендеуіне бей-жай қарамайтын тұрғындарына ашықтығы және сындарлы ұсыныстары үшін алғыс айтамын»,-деді Асхат Оралов.