Атырау қаласында тозығы жеткен жылу қазандықтары жаңартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат-қа сілтеме жасаған kazlenta.kz
Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен өңірдегі жылу беру маусымының ахуалы туралы жиында Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи мәлім етті.
«Атырау қаласындағы тозығы жетіп тұрған жеке жылу қазандықтары арқылы қамтылатын көпқабатты тұрғын үйлерді жылу және ыстық су желілерінің қуатын арттыру үшін қосалқы 3 жылу қазандығын сатып алуға ашық электрондық конкурс жарияланып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Мердігер мекемемен келісімшарт негізінде 1 жылу қазандығы «Тұлпар» шағын ауданына қойылды. Бұл қазандық 8 көпқабатты үйді қамтиды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының баяулығына байланысты 2 жылу қазандығы енді жеткізілді. Қазір 2 жылу қазандығын монтаждау жұмыстары басталды. Екі жылу қазандығы «Нұрсая», «Болашақ» шағын аудандарындағы 13 үйді қамтитын болады», -деді Мейірім Қалауи.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов қала әкімі Мейірім Қалауиге жылу беру маусымын еш кедергісіз өткізу үшін кемшіліктерді жойып, жұмысты дұрыс үйлестіруді тапсырды.
«Мұнда көтерілген мәселелердің бәрі де өзекті. Біз әріптестеріміздің «әлеуметтік нысандардағы резервтік жылу қазандығы тексеріліп, жылу беру маусымына дайын» деген сөзіне сендік. Қаланың аумағында барлығы әр салаға бөлініп, өз бетімен жұмыс істесе сіздің функционалдық міндетіңіз қандай болмақ? Барлығының қасында сіз де болып, бақылауды күшейтуіңіз қажет. Әр мекеме өз жұмысымен тиісті деңгейде айналысуы тиіс. Алайда, олардың жауапсыздығынан бұл іс қайта айналып өзімізге келді. Егер әріптестер арасынан жұмысына немқұрайлы қарағандар болса, онда дереу шарасын алу қажет. Сондықтан көтерілген мәселелерде қадағалауды күшейту керек», -деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда 9 көпқабатты тұрғын үй бірнеше сағат жылусыз қалғанын жазған едік.