"10 қазан сағат 21.00-ден бастап стационарлық бақылау бекеттерінің базасында елорда аумағына кіруді бақылау күшейтіледі. Бекеттерде қызмет атқаруды тәулік бойы құрамында полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері бар мобильді топтар жүзеге асырады", – деп жазады медиа портал.
Сондай-ақ ақпараттық порталдың жазуынша, көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 1 қазаннан бастап "Учаске" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Бұл ретте елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы ережелерін сақтауға ерекше назар аударылатын болады. Одан бөлек өткізілетін іс-шараларға байланысты қаланың жаңа әкімшілік орталығында жолдардың кейбір учаскелерінде қозғалыс уақытша ішінара шектеледі. Осы орайда Астана қаласының полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарын өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырды және ыңғайлы болу үшін қоғамдық көлікті пайдалануды ұсынып отыр.
"Қауіпсіздік және көлік кідірістерін болдырмау үшін жол жүру маршруттарын алдын ала жоспарлауды және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз", – дейді полиция өкілдері.
Еске сала кетейік, 12-15 қазан аралығында елордада жоғары және аса жоғары деңгейдегі бірқатар халықаралық іс-шара өтеді. Мәселен, 12-13 қазанда Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммиті өтеді. Оған 11 мемлекеттің басшылары, бір төрағаның орынбасары, бір вице-президент және 5 министр қатысады деп күтілуде. Одан бөлек 14 қазанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесі және "Орталық Азия – Ресей" саммиті өтеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ елімізге осы аптада мемлекеттік сапармен Түркия, Қатар, Түркіменстан президенттері келмек.