Eлорда жолдарындағы қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін тиісті қамтамасыз ету, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі кезеңінде құқық бұзушылықтардың дер кезінде алдын алу және жолын кесу мақсатында елордалық полицияның жеке құрамы 13 қыркүйектен бастап күшейтілген қызмет түріне ауыстырылған. Нұр-Сұлтан қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген қонақтардың келуіне байланысты қоғамдық орындарда, көшелерде, сондай-ақ мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізілетін орындарда қосымша қауіпсіздік шараларының қабылданғаны белгілі болды.
“Ағымдағы жылдың 13-15 қыркүйек аралығында съезді өткізу аясында Рим Папасының келуі күтілуде. Делегация экскорт мотоциклшілермен бірге жүретіндіктен, ресми қорғалатын колоннаның өту кезеңінде қозғалыс 3-5 минутқа шектеледі. Негізінен, бұл Қабанбай батыр даңғылы, Мәңгілік Ел және Қонаев даңғылы”, - деді қалалық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.
14 қыркүйек күні өтетін “мессаға” қатысушылардың еріктілерімен және алып жүрушілермен бірге жүріп-тұруы үшін арнайы автобустар ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті тұрғындардан өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауды сұрайды.