Жаға ұстатарлық жағдай Жармұханбет ауылында болған. Жәбірленуші тараптың айтуынша, қайынағасы ұлымен бірге келіншекті тепкінің астына алған. Ең сорақысы, осы сәтте үйде басқа да адамдар болған. Бірақ ешқайсысы көмек қолын созбаған көрінеді. Ауыр жарақат алған келіншекке медициналық көмек те жасалмаған. Қарындасынан хабар ала алмаған ағасы былықтың бетін ашқан. "Үйіне барғанбыз кешкісін. Сөйтсе, қарындасымды ауыр соққының, тепкінің астына алынған. Зорлық-зомбылықтың кесірінен үйде екі күн жатып қалған. Жедел жәрдем шақырылмаған. Іш құрылысына зақым келген. Қайын ағасы мен ұлы жауапқа тартылсын", - дейді келіншектің ағасы Мирлан Сырғабаев.
Ауыр соққыға жығылған әйелге ота жасалып, көк бауыры алынып тасталды. Қазіргі таңда мүгедек болып қалған. Адвокат болса, келіншектің қайын ағасы қалайша бостандықта жүргенін түсене алар емес. Сот санкциясымен 1999 жылғы ұлы ғана қамауға алынған.
"Ұлы қамалғанымен, әкесі Тельтаев Алмасты қамауға алмайды. Негізінде, бұл жерде 120- баптың бірінші бөлігімен тіркеу керек еді. Екіншіден, ұрғаны бар, соққаны бар. Үшіншіден, көргендердің бәрі ауыр қылмысты көріп тұрып, ешқайда хабарламаған. Қайын ағасы келінін зорламақ болған. Қарсылыққа тап болған соң ұрған", - дейді қорғаушы Айман Омарова. Бұл оқиға ауыл халқының жағасын ұстатты. Олар мұндай жағдай елдімекенде бірінші рет болып отырғанын айтады. Қазіргі таңда көпбалалы ана өз туыстарының үйінде.
"Оның мектепке баратын 4 баласы әкесінің қолында, бірақ жақын арада анасына тапсырылады", - дейді жергілікті билік. Полиция бұл іске қатысты мардымды жауап бермеді. "Тергеу жүріп жатыр", - деп қысқа қайырды. "Аталған факт ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бойынша Қарасай ауданынның полиция басқармаснда тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", - дейді аудандық полиция басшысының орынбасары Айдар Әбдірахманұлы. Жәбір көрген көпбалалы ана мен оның жақындары әділ шешім болса дейді.