Ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту, ветеринария қызметінің инфрақұрылымын дамыту және мал шаруашылығы субъектілеріне көрсетілетін ветеринариялық қызметтердің сапасын арттыру – Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі. Осыған байланысты министрлік ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, салаға қажетті нысандар желісін кеңейту және ветеринариялық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл ретте шалғайдағы ауылдық елді мекендерді ветеринариялық қызметтермен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Шығыс Қазақстан облысында 2026–2027 жылдары жалпы құны 3 млрд 633 млн теңгелік 131 ветеринариялық нысан салу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 7 ветеринариялық станция, 70 ветеринариялық пункт және 54 мал қорымын салу көзделген. Осы мақсатқа биылғы жылы 60 нысанның құрылысына 1 млрд 662,5 млн теңге, ал келесі жылы тағы 71 нысан салуға 1 млрд 970,5 млн теңге қарастырылған.
Нысандар өңірдің аумақтық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып орналастырылады. Ветеринариялық станциялар аудан орталықтарында, ал ветеринариялық пункттер ауылдық округтерде салынады.
Бұл ветеринариялық қызметтерді тікелей мал шаруашылығы субъектілеріне жақындатуға, өтініштерге жедел ден қоюға, профилактикалық тексерулер мен диагностикалық зерттеулерді, сондай-ақ эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге жол ашады. Бүгінгі таңда жоспарланған 32 ветеринариялық пункттің 16-сының құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар көзделген 25 мал қорымының 12-сінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Қалған нысандардың құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.