Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Климаттың өзгеруі және қоршаған орта министрлігі өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тараптар ветеринария саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, ветеринариялық талаптар мен сертификаттарды келісу, Қазақстанның мал шаруашылығы өнімдерін БАӘ нарығына экспорттау көлемін ұлғайту, сондай-ақ спорттық жылқыларды экспорттау кезінде ветеринариялық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Сонымен қатар Қазақстаннан аталған елге жануарлар мен жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттауға арналған ветеринариялық сертификаттардың жобалары талқыланды. Құзыретті органдардың өкілдері ұсынылған құжаттарды қарап, оларды одан әрі келісу жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Кездесу нәтижесінде ветеринариялық талаптарды өзара үйлестіру және ветеринариялық сертификаттарды келісу бойынша жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің екіжақты саудасын кеңейтуге бағытталған алдағы нақты қадамдарды айқындау жөнінде келісім жасалды.
Жұмыс бағдарламасы аясында БАӘ ветеринариялық қызмет өкілдері Қазақстандағы бірқатар шаруа қожалықтарына барды. Шетелдік мамандар шаруашылықтардағы малды күтіп-бағу және ветеринариялық қызмет көрсету, жануарларды бірдейлендіру жүйесі, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен танысты.