Қазақстан Республикасы Құрылтайында «Балық өсіру шаруашылықтары мен балық питомниктерін жаңғырту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастықтың және бизнес өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дөңгелек үстел барысында аквашаруашылықты дамыту, балық ресурстарын молайту, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарын жаңғырту және салаға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру мәселелері қаралды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда тауарлық балық өсіру көлемі 23 мың тоннаны құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 26%-ға жоғары. Ал 2026–2030 жылдарға жалпы құны 60 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.
Қатысушылар табиғи су айдындарындағы балық қорын жасанды жолмен молайту және оларды балық шабақтарымен толықтыру көлемін арттыру мәселелеріне де ерекше назар аударды.
Ғылыми ұсынымдарға сәйкес, жыл сайын су айдындарына жіберілетін балық шабақтарының қажетті көлемі 150 млн дананы құрайды. Алайда мемлекеттік тапсырыс аясында жыл сайын бағалы балық түрлерінің 22 млн-ға жуық шабағы ғана өсіріліп, су айдындарына жіберіледі.
Өндірістік қуаттарды арттыру және балық ресурстарының тұрақты өсімін қамтамасыз ету мақсатында Атырау бекіре балық өсіру зауытын жаңғырту, сондай-ақ Петропавл және Қамыстыбас балық питомниктерінің өндірістік инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Аталған шараларды іске асыру балық өсіруге арналған шабақтарды өндіру көлемін арттыруға, мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарының жұмыс тиімділігін жақсартуға және су айдындарын балықтандыру көлемін ғылыми негізделген қажеттілік деңгейіне кезең-кезеңімен жақындатуға мүмкіндік береді.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру, балық өсіру инфрақұрылымын жаңғырту және балық ресурстарын молайту жөніндегі іс-шараларды тұрақты қаржыландыру қажеттігін атап өтті.
Аквашаруашылықты дамыту және балық ресурстарын сақтау – Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Жоспарланған шараларды жүйелі түрде іске асыру елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, биологиялық әртүрлілікті сақтауға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.