Қазақстан Республикасы ІІМ есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 8 айында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша 74 қылмыстық іс қозғады. Есірткі жарнамасының интернет кеңістігінде, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, сондай-ақ граффити, хабарландырулар және QR-кодтар арқылы таралуына ерекше назар аударылады. Мұндай схемаларға көбіне жастарды “оңай табыс” табуға уәде беру арқылы тартуға тырысады. Оларға жазуларды салу және есірткі дүкендеріне сілтемелерді тарату үшін ақы төлеу ұсынылады.
ІІМ ескертеді: мұндай әрекеттер қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал саралау белгілері болған жағдайда жаза үш жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыруды құрайды. Полиция әкімдіктермен, білім беру ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен және волонтерлермен бірлесіп, профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Анықталған есірткі граффитилері мен заңсыз жарнаманың өзге де түрлері жойылады. Сонымен қатар оларды орналастыруға қатысы бар адамдар анықталуда. ІІМ азаматтарды есірткі жарнамасының анықталған фактілері туралы полицияға хабарлауға шақырады. Оның таралуының жолын кесу және жастардың есірткі қылмыстарына тартылуына жол бермеу бойынша жұмыс тұрақты негізде жалғасуда.