Анталья қаласында Қазақстан-Түркия автомобиль көлігі жөніндегі аралас комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Отырыс қорытындысы бойынша екі ел арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары мен транзитті одан әрі дамыту бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Тараптар электрондық рұқсаттарға сандық шектеу қойылмайтыны туралы уағдаласты. Бұл келісім тасымалдарды неғұрлым икемді ұйымдастыруға және тасымалдаушылардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Маңызды нәтижелердің бірі – қазақстандық тасымалдаушыларға Түркияның теңіз порттарынан Қазақстанға кейіннен тасымалдау үшін жүктерді тиеуге мүмкіндік берілуі.
Сондай-ақ тараптар 2026 жылдан бастап осындай транзиттік жүктерді тасымалдауға жыл сайын 3 мыңнан рұқсат бланкілерімен өзара алмасуға келісті.
Отырысқа қатысушылар екіжақты және транзиттік тасымалдарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, олардың Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және көлік-логистикалық байланыстарды нығайтуға қосатын үлесін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарға қанағаттанушылық білдіріп, халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін растады.