Көліктегі полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл және есірткінің заңсыз айналымының алдын алу бағытында тұрақты түрде кешенді шаралар қабылдап келеді, – деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Көліктегі ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Фараби Елубаевтың айтуынша, "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш ай ішінде есірткінің заңсыз айналымына байланысты 95 құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде 18 есірткі өткізу фактісі, аса ірі көлемде сақтау бойынша 3 және 6 контрабанда бар. Заңсыз айналымнан 240 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленді.
Еліміздің әуежайлары мен теміржол вокзалдарында есірткінің заңсыз айналымы бойынша 63 адам жауапкершілікке тартылды. Олардың жетеуі шетел азаматтары болған. Анықталған барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Фараби Елубаевтың мәліметінше, нәтижелі жұмыстың бір мысалы ретінде Жамбыл облысының тұрғынын ұстауды атап өтуге болады. Одан Қазақстан Республикасының аумағында одан әрі өткізуге дайындалған 37 келіден астам марихуана тәркіленді. Көлік полицейлері еліміздің барлық аумағындағы көлік инфрақұрылымы нысандарында, оның ішінде әуежайларда, теміржол вокзалдарында және жолаушылар пойыздарында заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.