Алматыда полицейлер жасанды интеллект технологияларын меңгеруде, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы қаласы полиция департаментінің басшылық және жеке құрамына заманауи жасанды интеллект технологияларын меңгеруге арналған екі күндік семинар-тренинг өткізілді. Оқу Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті базасында Цифрлық үкіметті қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтті. Курс барысында қатысушылар жасанды интеллект негіздерімен, заманауи технологиялармен және олардың даму бағыттарымен танысып, ІІМ қызметінде, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласында жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
Оқу барысында практикалық бағытқа ерекше мән берілді. Қызметкерлер заманауи жасанды интеллект құралдарын және оларды қызметтік, талдамалық әрі басқарушылық міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін меңгерді. Қатысушылар практикалық және тактикалық кейстерді талдап, түрлі қызметтік жағдайларды модельдеді, сарапшыларға сұрақтар қойып, алған білімдерін іс жүзінде пысықтады.
— Бүгінде жасанды интеллект жай ғана заманауи технология емес, қызметтік жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін едәуір өзгерте алатын тиімді құралға айналып келеді. Полиция үшін бұл, ең алдымен, үлкен көлемдегі ақпаратты жедел талдауға, басқарушылық шешімдердің сапасын арттыруға және жұмыс процестерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан біздің міндетіміз – қызметкерлерді жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыру ғана емес, сонымен қатар бұл технологияларды сауатты әрі жауапкершілікпен, ішкі істер органдары қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып қолдануға үйрету, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов.